Қарағандыда аяз -45 градусқа дейін жетеді
Қарағанды, Baq.kz тілшісі. Кеше Қарағанды облысының кейбір аймақтарында ауа температурасы -38 градусқа дейін төмендеді. «Қазгидрометтің» мәліметінше, аймақтың солтүстік өңірлерінде ауа температурасы түнде -45 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар қызметі мен оның құрылымдық бөлімшелері мен ведомствоға бағынысты мекемелерінің күштері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
«Қазгидромет» РМК 6-7 ақпан аралығында Қарағанды облысының кейбір жерлерінде түнде қатты аяз 37-42 градус, кей жерлерде өте қатты аяз 45 градус күтілетіндігін хабарлаған болатын.
Қарағанды қаласы білім бөлімінің мәліметінше, 7 ақпанда бірінші және екінші мауысымда оқитын 0-11 сынып оқушыларына сабақ болмайды.
Қатты аяз салдарынан қаладағы қоқыс қалдықтары жиналмай жатыр. Қоқыс жинауға жауапты «ГорКомТранс» компаниясы ауа райының күрт төмендеуіне байланысты арнайы техниканы жұмысқа шығармағандығын айтады.
«Қысқы уақытта арнайы техниканың проблемасын шешуге мүмкіндік беретін арнайы гидравлика мен гидравликалық жүйені қолданып жүрсек те бүгін машиналарды жылы бокстан шығармауға шешім шығардық», - дейді «ГорКомТранс» ЖШС-нің бас директоры Марат Бимағанбетов.
Ауа-райыныз қолайсыздығына байланысты бүгін «Қарағанды-Павлодар» бағытында қатынайтын автобусқа билеттер сатылмаған. Қарағанды автовокзалының анықтама бөлімінде басқа өңірлерге жолаушы тасымалдайтын, халықаралық бағыттарға қатынайтын автобустар кесте бойынша жүріп жатқандығын айтты. Қала ішілік жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін автобустар мен таксилер де қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қарағандының әуе тасымалын қамтамасыз ететін «Сарыарқа» әуежайы да қатты аяз салдарынан жұмыста кедергілердің болмағандын айтады. Қарағандыға ұшып келетін, ұшып кететін барлық әуе рейстері уақытылы атқарылуда.