Аяқпен сурет салу өнері. Алматыдағы ерекше жасөспірімнің ерік-жігері баршаны таңғалдырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда тұратын жасөспірім аяқпен сурет сала алады. 16 жастағы жігіттің оқиғасы туралы оның анасы айтып берді.
Баршаға аян, рухы асқақ адамдар шабыттандырады, ынталандырады және жан-жағына үміт отын сыйлайды. Алматылық 16 жастағы Георгий Павленко да үлкен ерік-жігерге, батылдыққа және өзіне деген сенімі жоғары. Оның бала кезінен тірек-қимыл аппаратының жұмысында бұзылулар бар. Алайда мұндай ерекшелік кейіпкерімізге басқаларға мүмкін емес болып көрінетін белестерді бағындыруға кедергі келтірмейді.
Георгийдің анасы, табысты кәсіпкер Анна Павленко бізбен ұлының оқиғасымен бөлісті.
Баламның физикалық ерекшеліктермен туғанын білгенде, алғашында есеңгіреп, абдырап қалғаным рас. Айналамдағының барлығы да солай істеді. Осылайша өзімізге келіп, сабамызға түскенде емнің барлық түрін қарастыра бастадық. Санамды сансыз ой мазалады – «қайтпек керек, жағдайды қалай жақсартқан, балама қалай көмектескен абзал» деген сияқты. Дәрігерлер ешқандай кепілдік бермек түгілі, ұлымның ешқашан жүрмейтініне көнуіме кеңес берді. Әрине мұның бәрін қабылдау қиынға соқты, - дейді ол.
Ұлының ауыр сырқатымен бетпе-бет келген Анна осы күннен бастап оның өмірі бұрынғыдай болмайтынын жан-тәнімен сезінеді.
Бірінші жылдары біз бәрін байқап көрдік – бернеше қала мен елде емделдік, Қытай мен Ресейдің және Қырғызстанның оңалту орталықтарында болдық. Қысқасы кез келген жылт еткен жаңалыққа, қылтиған мүмкіндікке жармастық. Бірақ дәрігерлермен сөйлесе келе, Георгийдің құлан-таза айығып кету мүмкін еместігі айқындалды. Алайда физикалық және психологиялық тұрғыдан дұрыс оңалту шаралары арқылы баламыздың біртіндеп жылдар өте дене қимылдарын алмастыра алатынын ұғындық, - дейді Анна.
Қазақстанда физикалық ерекшеліктері бар балаларға білім беруге ерекше көңіл бөлінеді делінгенімен, іс жүзінде алаңдататын жайттар баршылық. Мәселен, мамандардың қорытындысы бойынша Георгийге үйде оқуға ұсыныс берілді. Тірек-қимыл бұзылыстары бар балаларға арналған мектепке бару үшін жоғарғы немесе төменгі жақ белсенді болуы қажет. Георгийде бұл әрекеттер толық бұзылған. Ал үйде оқу оқшаулауға әкеліп, бұл жағдай баланы әлеуметтендіруге қалай қол жеткізуге болатынын ойлантты.
Сондықтан Георгий үйде білім алудан басөа, күндізгі орталыққа бара бастады және 10 жасқа дейін бұл мүмкіндікке қатты қуанатын. Басқа балалармен қарым-қатынас, сабаққа қатысу көңілді сергітіп, еңсені көтеретін. Бірақ есейген сайын бала оқудан суыды. Өйткені физикалық және менталды ауытқулары бар балаларды оқытуда айырмашылықтар бар. Георгий болса, көбірек білуге қызықты.
Қазір ол білім алуда ерекше мұқтаждығы бар жасөспірімдерге арналған «Leader Z» кәсіптік бағдарлау онлайн-мектебіне барады. Жобаны «Iteachme» қоры «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске асырады және жасөспірімдерге кәсіби дағдыларды игеруге, өз әлеуетін іске асыруға және болашақ мамандығын анықтауға көмектеседі.
Георгий - шығармашыл жасөспірім, графикалық планшетте сурет салуды үйренді, компьютермен жұмыс істегенді жақсы көреді және әрқашан көңіліне жақын дүниені біліп, сонымен айналысуға тырысады. «Leader Z» туралы жоба физикалық шектеулерге қатаң талаптар қоймайтынын және ерте жастан бастап балалар жаңа дағдыларды үйреніп қана қоймай, сонымен қатар мамандықты анықтай алатынын естігенде, біз бірден өтініш бердік. Қазір Георгий «Скетчинг» курсында оқиды, қылқаламмен және бояумен сурет салу техникасын меңгерді. Көп адам оның осы дүниелерді қалай аяқпен істей алатынына таңғалады. Балам болса, маған әрдайым: «Мама, мен әлі кәсіби сурет салуды үйренемін, ақша табамын және сізге көмектесемін», дейді. Жалпы елімізде ерекше балаларға және олардың дамуына қамқорлық жасайтын ұйымдар бар екеніне өте ризамын, - дейді Анна.
Қор баспасөз қызметінің мәліметі бойынша мектепте Қазақстанда тұратын, жасы 13-тен асқан 60-қа жуық жасөспірім оқиды. Жоба тегін және балаларға болашақта жұмысқа орналасу үшін кәсіби дағдыларын дамытуға көмектеседі. Жасөспірімдер браузермен, электронды поштамен, қосымшалармен және бағдарламалармен жұмыс тәрізді негізгі компьютерлік дағдыларды үйренеді. Әрі қарай қабілеттері мен ниеттеріне қарай курстарға бөлінеді: мобилография, скетчинг, scratch және STEAM.
Барлық курс олардың балалар үшін қолжетімділігін ескере отырып таңдалған және әртүрлі бағытқа ие. Мысалы, скетчинг шығармашылық қабілетті ашуға көмектессе, мобилография уақытының көп бөлігін қолындағы смартфонмен өткізетін балаларға қолайлы.
Кәсіби бағдарлану жасөспірімдердің өмірінде маңызды екені анық, даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер де бұдан тыс қалмауы тиіс. Олар оқуға тіпті айрықша мол құштарлықпен ден қойып, барлық ақпаратты бойларына сіңіруден бөлек, оны бірден қолдануға тырысады. Біздің жас студенттеріміз диагноз қаншалықты күрделі болса да, мүмкіндігі шектеулі адамның дамуына, кәсіби өсуге ұмтылуына және еңбек ету құқығын жүзеге асыруына кедергі жасай алмайтынын өздерінің өнегесімен дәлелдеп жүр, – дейді ITeachMe қорының директоры Захира Бегалиева.
Мамыр айында бағдарламаны 2021 жылы бастаған студенттер, соның ішінде керемет жетістіктерге жеткен кейіпкеріміз Георгий Павленко да аяқтайды.