"Аяқ астынан" тасқын болып, азаматтарымыз тағы да зардап шегіп жүрмесін – депутат

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов көктемгі су тасқынына дайындықты бастап, шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде көктем түспей тұрып, көптеген аймақтарда тасқын жүру қаупі бар. Биыл Қазақстан аймақтарында ерекше климаттық ауытқу болып тұр. Бір жерде қар апталап жауып тұрса, содан қашық емес жерлерде тасқын болып жатыр. Жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отандастарымыздың моральдық-психологиялық деңгейіне де кері әсер етіп жатыр, - деді депутат.

Тұмашинов атап өткендей, былтыр көктемде Ақтөбе, Атырау облыстарында тасқын болып, біздің халықты әбігерге салды.

Биыл су көшкіні Шығыс Қазақстан облысы, Орталық Қазақстан, Ақтөбе облыстарында болуы ықтимал. Еліміздің азаматтары тағы да қиын-қыстау жағдайда қалмауы керек, - деп дабыл қақты депутат Ұлықбек Тұмашинов.

Депутат мынадай шаралар қабылдауды ұсынды:

  1. Еліміздің барлық аумағында Су тасқыны қаупі бар жерлердің картасын жасау.
  2. Халыққа тасқын, сел қаупі жөнінде дер кезінде хабар беру жүйесін тексеру.
  3. Төтенше жағдайдар министрлігінің құтқару қызметтерінің азаматтарды дер кезінде қауіпті жерлерден алып шығу қабілетін қазірден тексеру.
  4. Су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды.

Ең бастысы, көктемде “аяқ астынан” тасқын болып, азаматтарымыз тағы да зардап шегіп жүрмесін, - деп айтты мәжілісмен вице-премьер Роман Склярға жолдаған сауалында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы