"Аяғына дейін баруға дайынбыз". Депутат Талғардағы іске қатысты ойын айтты

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Талғардағы Шерзаттың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көп жазып, артық сөйлегім келмейді. Сол себептен аяғына дейін баруға дайынмын. Ешқандай күмән болмасын. Халық сайлаған депутат бөлек, мемлекет сайлаған депутат бөлек деп айтып жатады. Мен бұл жұмыстың әділ шешілуіне бар күш-жігерімді салуға ешқандай мандат, куәлік ұстап тұрған жоқ. Сол себептен мұндай үлкен мәселелер әділ шешілуі керек. Бауыржан Әленовке келетін болсақ, барған кезде бірінші берген сұқбатында анықтап түсіндіріп айтуы керек еді. Халық қатты көтеріліп, наразы болғаннан кейін ол кісі “мұны толық бақылауымызға аламыз, бәрі әділ өтеді, қобалжымаңыздар” деп сабырға шақыруы керек еді. Ол кісі бірден келіп, онсыз да дүрлігіп тұрған қоғамға “кімде-кім дұрыс ақпарат таратпаса, қатаң жазаға тартылады” деп, елдің одан сайын наразылығын туғызды. Сол себептен қандай жағдай болмасын әділ шешілуі керек, - деді депутат.

Қасқарауов іске қатысты барлық жиын ашық өтуі керегін атап өтті.

Ол Талғарға неге өзі бармай, көмекшісін жібергенін түсіндірді.

Біз енді барған жердің бәрін айтып жатпаймыз ғой. Қазір өкінішке қарай, келеңсіз жағдайлар болып жатыр. Жақында бес бала қаза тапты, әскердегі жағдайлар бар. Бірінші күні дүрліккен кезде бірден полиция көтерілгеннен кейін біз бәрі бақылауда шығар деп ойладық. Себебі жергілікті орган басшылары бар. Өзіміздің өңір болғаннан кейін жергілікті азаматтардан қалай болып жатыр деп сұрадық. Екінші, үшінші күндері үй өртенгеннен кейін бұл дау одан әрі қарай ушығып кетті. Сол себептен барайын десем, іс онсыз да насырға шауып тұрған жерде, қайғы жұтып отырған жерге барып, көзге артық көрінгендей болмайын деген оймен көмекшімді жібердім, - дейді Мәжіліс депутаты.

Қасқарауовтың көмекшісі оның телефон нөмірін Шерзаттың әкесіне берген. Сөзінше, марқұм жігіттің әкесі депутатты жақсы таниды екен. Олар бұрын кездескен.

Бізге сенетін болса алаңдамай, қолымыздан келгенше аяғына дейін баруға, қолдан не келеді соны көтеруге елдің алдында уәде береміз деп сөз бердім, - дейді депутат Шерзаттың әкесіне.

Еске сала кетейік, 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.

Алматы облысының Полиция департаменті "Кәмелетке толмаған баланы өлтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жасөспірім өлімі туралы істі прокуратура да ерекше бақылауға алды.

Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. Ал дүкеннің кіреберісіне Шерзаттың суреті ілініп, тұрғындар гүл шоқтарын қойған еді. Бүгін сол дүкен қабырғасына марқұм Шерзат бейнеленген плакат ілінді.

Кеше Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылған еді. Сонымен қатар, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылды. Бұл іс бойынша қазір 10 адам күдікті ретінде ұсталып, Шерзаттың өртеніп кеткен үйінен айғақ заттар табылған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы