Аягөзде жүргізуші куәлігі жоқ жігіт 6 жасар баланы қағып кетті
Аягөзде 6 жасар бала көлік астында қалып қаза тапты. Рөлде жүргізуші куәлігі жоқ 21 жастағы жігіт отырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
27-нен 28 тамызға қараған түні Аягөз қаласында қайғылы жол апаты болып, 6 жасар бала қаза тапты. Бұл туралы Абай облысының ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, 21 жастағы жүргізуші куәлігі жоқ жігіт жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бала алған жарақатынан медициналық мекемеде көз жұмды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші Аягөз аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оған қатысты қажетті процессуалдық шаралар жүргізілгеннен кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген полиция хабарламасында.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, қажетті заттай дәлелдемелерді алды, куәгерлерден жауап алынды. Сот сараптамалары тағайындалды, – деді облыстық ПД.
Еске салсақ, бұған дейін 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын айтты.
Белгілі болғандай, қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған.
Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды.