Аягөздегі балалар орталығының мәселесі жеке қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен көпбалалалы отбасылардың мәселесі жөніндегі комиссия отырысында бұған дейін қоғамда резоннанс тудырған Аягөздегі балалар орталығының жай-жапсары жеке қаралды, деп хабарлайды altaynews.kz.  

Әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа жуықта тексеру комиссиясы барып қайтқан екен. Комиссияның құрамында зардап шекті делінген балалардың ата-аналары да болған. 

Ең әуелі орталықта психоневрологиялық науқасқа шалдыққан 105 бала бар екенін айта кетейік. Оның 67-сі ұл, 38-і қыз. Солардың ішіндегі 82 бала ата-ана қарауынсыз қалыпты.

Арнайы комиссияны бастап барған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев орталық жұмысын жетілдіруге қатысты бірнеше ұсынысын айтты.

"Паллиативтік бөлімде 24 бала бар. Бөлім ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Оларға арнайы жоғарыға шығарып-түсіру үшін орындық-көтергіш (кресельный подъемник) керек. Бұл – бір. Екінші, санитарлық тораптар мен жуынатын бөлмелерге бейнебақылау орнатқан жөн. Кезекшілер сонда жедел көмек көрсете алады. Үшінші, ата-аналарға арнап бір бөлме ашу керек. Ата-аналар екі-үш күн орталықта қалып, балаға жақсылап көңіл бөліп, бірге уақыт өткізгісі келеді. Төртінші, балаларға зиянсыз ойыншық алып берген жөн. Ерекше балалар алып келген ойыншықты, көп жағдайда, қолма-қол сындырып тастайды екен", - деді Айтқазы Шерубаев.

Сондай-ақ Айтқазы Шерубаев мұнда қосымша бала дәрігері мен психиатор маман алу керегін айтты. Айтуынша, орталықтағы мамандардың баспана мәселесін де аудан әкімі шешіп бергені дұрыс.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қанша қаражат керегін бір апта ішінде есептеп беруді жауапты мамандарға тапсырды. Сондай-ақ енді аталмыш мекеме ісін «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиалы ұдайы бақылауда ұстауы керегін ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы