Аягөз ауданында жел электр станциясы салынады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Самал желі саябырсымайтын Аягөз өңірінде жел электр станциясы салынуы мүмкін.
Бұл туралы бүгін Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық кәсіпкерлік, индрустриялық және инновацияларды даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов хабарлады.
Жел электр станциясы салынатын аумақ ретінде Аягөз ауданының Ақтоғай кентінің маңы белгіленген.
Бұл жер тегіннен-тек таңдап алынған жоқ. Өйткені аталмыш аумақта "Ақтоғай" кен байыту комбинаты орналасқан. Бұл дегеніміз – ол жерде салынған электр станциясының шығарған электрін тұрақты қолданушы кәсіпорын болады деген сөз. Қазіргі уақытта аталмыш нысанның энергия беру қуаты 100 мегаватты құрайды деп жобалап отырмыз, - деді Ержан Айткенұлы.Жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын жоба бойынша қазіргі уақытта инвесторлар іздестіріліп жатқанын алға тартқан басқарма басшысы, бұдан бөлек, Күршім және Ұлан аудандарының аумағында да жел электр станциясын салуға мүмкіндік барын атап өтті.
Қоса кетсек, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында салынған "Жаңғыз-солар" күн станциясы аяқталып, өз жұмысын бастаса, Алтай ауданының аумағындағы Тұрғысын өзенінде жаңадан су электр станциясы салынуда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы