Axios: АҚШ Иранның келісімінсіз Ормуз арқылы мұнай тасымалын ұйымдастырған
Axios дереккөзінің айтуынша, АҚШ тарапы бұғаздың оңтүстік бөлігін екі айдан бері бақылауда ұстап отыр.
АҚШ Қарулы күштері Иран билігінің келісімінсіз Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдауға мүмкіндік беретін жасырын бағыт ұйымдастырған. Бұл туралы Axios порталы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Портал мәліметінше, қазіргі уақытта тәулігіне 15-20 танкер Оман жағалауындағы Ормуз бұғазының оңтүстік арнасы арқылы өтіп, Таяу Шығыстан шамамен 10 млн баррель мұнай тасымалдайды. Бұл соғыс басталғанға дейінгі көрсеткіштің шамамен жартысына тең.
Axios дереккөзінің айтуынша, АҚШ тарапы бұғаздың оңтүстік бөлігін екі айдан бері бақылауда ұстап отыр.
«Ислам революциясы сақшылар корпусы қиындықтар тудыруы мүмкін, бірақ бұғазды басқара алмайды. Мұны біз бақылап отырмыз», – деді операциядан хабардар дереккөз.
Ақпаратқа сәйкес, АҚШ Қарулы күштерінің арнайы үйлестіру тобы операцияны Таяу Шығыстағы Вашингтонның серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырады. Олар күн сайын Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің тізімін жасап, олардың қауіпсіз қозғалысын үйлестіреді.
Әр кеш сайын АҚШ әскери ұшақтарының сүйемелдеуімен аталған танкерлер бұғаз арқылы өтіп, мұнай тиеу және түсіру жұмыстарын жүргізеді. Кемелердің қозғалысы спутниктік бақылау жүйелері арқылы қадағаланады.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолдарының бірі. Оның жабылуы немесе кеме қатынасының шектелуі әлемдік энергетикалық нарыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастаған. Маусымда Вашингтон мен Тегеран арасында барлық майдандарда, соның ішінде Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған.
Алайда 8 шілдеге қараған түні АҚШ Иранға қарсы ауқымды соққыларын қайта бастаған. Вашингтон Тегеранды Ормуз бұғазына қатысты келісімдерді бұзды деп айыптаған.
Ал 2 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісімге келу мақсатында жоспарланған әскери соққыдан бас тартуға келіскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеран мен араб елдерінің астаналары АҚШ-тан шабуыл жасамауды сұраған және тараптар болашақ келісімнің негізгі шарттарын талқылаған.