Қазақстан автожолдары мониторингтен өткізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы республикалық маңызға ие автомобиль жолдарын құралдық мониторингтен өткізу, жолдардың нақты жағдайына баға беру шараларына кірісті.
Жыл соңына дейін Жол активтері сапасының ұлттық орталығы автожолдардың 4665 шақырымын құралдық мониторингтен өткізбек. Осылайша "Жол активтерін басқару жүйесіне" жолдардың орналасқан орындары, геометриялық параметрлері, жол құрылымдары, жол белгілері мен таңбалары, көлік ағымының қарқындылығы мен құрамы біріктірілмек. Бұдан бөлек, жолдардың техникалық жағдайы анықталып, олқылықтар туралы деректер жиналған тізімдеме жасалады. Бүгінге дейін жолдардың 819 шақырымы диагностикадан өткізілді - дейді орталық мамандары.
Сонымен қатар, мамандар республикалық маңызы бар тасжолдардың 11 680 шақырымының нақты жағдайына бағасын береді. Осы ретте қауіпсіздік бойынша жолдардың рейтингі құрылады. Жаңа техникалық құралдармен, жолдарды зерттеуге арналған аспаптармен жабдықталған жол зертханалары бүгінге дейін жолдардың 1144 шақырымын зерттеуден өткізді.
Жолдарды диагностикадан өткізу кезінде заманауи жабдықтар қолданылатынын айта кету керек. Ол құралдар жұмысты тез әрі сапалы жүргізуге, автомобиль жолдары мен жасанды құрылымдардың жағдайы туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жөндеу жүргізілмеген проблемалық жол учаскелерін анықтауға үлкен көмегін тигізеді.