Авторлық құқыққа өзгерістер енгізу қажет - аудармашы
Елімізде қазақ тіліне аударылған шетел әдебиетін жиі көреміз. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі «Аудармашы болу үшін не істеу керек?», «Қандай кітаптар аударылады?», «Аудармашылардың авторлық құқығы сақталған ба?» деген сияқты сұрақтардың жауабын білу үшін аудармашы, «Alqa» баспасының бас редакторы Баян Хасановамен сұхбаттасты.
– Аудармашы болу үшін не істеу керек?
– Аудармашылықпен кез келген адам айналыса алмайды. Сол себептен де елімізде бұл салада маман тапшы. Аударманың техникалық және көркем аударма деген екі түрі бар. Қазіргі таңда техникалық аударма оңай болып кетті. Себебі арнайы бағдарламаның көмегімен аудармамен жұмыс жеңілдеді. Жасанды интеллектің аудара алмайтыны - көркем әдебиет. Сол себептен аударма мамандығында оқыған мамандар шығармашылыққа жақын болуы қажет. Тіл білімінде оқитын жастарымыз да аудармашылықпен айналыса алады. Әрбір аудармашы көркем шығармалармен жұмыс істеуді армандайды. Себебі бұл үлкен бір жетістік деп айта алар едім. Меніңше, аудармашы болу үшін, біріншіден, өзі жаза білуі қажет. Ана тілін жетік меңгеріп, әдеби сөздерді пайдалануға икемі болғаны дұрыс. Өз тіліндегі барлық классикалық шығарманы оқып, бойына сіңіру қажет. Екіншіден, аудармашының энциклопедиялық білімі болған жөн. Себебі аударма барысында әртүрлі терминдерді, әртүрлі түсінік пен өзге елдің дәстүріне, танымына қатысты сөздерді кездестіресің. Сол сәтте өз тілімізге икемдеп, түсінікті сөйлем жасауға тура келеді. Үшіншіден, аудармашыға еңбекқорлық қажет. Өзінің аударған дүниесін редакторлар жөндеген соң, кітап күйінде қайта оқып шығу қажет. Әрбір маман өзіне «Менің жұмысымды оқып, қандай қателерімді түзеді» деп қызығушылық таныту керек. Келесі жолы ол қателікті қайталамау үшін керек. Дегенмен оған кейде уақытың болмайды. Кейбір аудармашылар конвейер секілді жұмыс істейді. Бір кітап бітпестен, екіншісін тапсырысқа алып қояды, асығыс жасап беріп, келесі кітапқа кірісіп кетеді. Бұл, бір жағынан, жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Бір реттік қаламақысын алады да, басқа кітапқа ауысып кетеді.
–Аудармашылардың авторлық құқы сақталған ба?
– Бізде кітапта аударған адамның аты қалады, бірақ авторлық құқықты баспа өзі алады. Сол себептен бізде авторлық құқыққа өзгерістер енгізу қажет. Кез келген интеллектуалды еңбектің авторы өз құқығын білу керек. Мейлі ол жазушы, ақын, суретші, аудармашы болсын. Мәселен, баспагер деген кім? Ол ақын-жазушылардың арқасында қаржы тауып отырған бизнесмен. Олар біреудің шығармасын алып, біреуге сатып отыр. Ал сол дүниені жасап шығарған адам өз құқығын білмесе, баспалар ақша табу үшін кез келген айла-шарғыға барып, құқықты, заңды айналып өтеді. Бізде барлығы заң жүзінде жүріп жатқан секілді, дегенмен аудармашылардың құқығын ешкім қорғап жатқан жоқ. Егер аудармашыға құқық берілсе, онда түскен табыстың кішкене бөлігі оған түсіп, артындағы бала-шағасы да қызығын көре алады.
– Кітапты қалай аударасыздар? Түпнұсқадан аударыла ма?
– Мен үнемі жастарға шет тілдерін үйреніп, кішкене ғана мәтіндерді аударып үйренуге кеңес беремін. Себебі кітапты дәл сол нұсқада аударғанға ешнәрсе жетпейді. Ресейлік баспагер, француздарда аудармашыны техникалық редактор деп атайды екен. Негізгі жүк редакторларға түседі. Яғни кітаптың түпкі ойы мен сөздерін реттейді. Бізде де аудармашылар кітапты интернеттегі аудармаға салып, көркемдеп бере салады. Ар жағындағы жұмыстардың басым көпшілігін редактор реттейді. Себебі бізде түпнұсқадан аударып отырып жазатын мамандар аз. Меніңше, аудармашы мен редактор бірігіп жұмыс істесе, ол кітап жақсы оқылады. Бір-бірінің кем-кетік тұстарын толықтырып жүру керек.
– Қазақ тіліне аударуға кітаптар қалай таңдалады?
– Кітап әртүрлі рейтингтерге қарап таңдалады. Мәселен, біздің «Алқа» баспасында жарық көрген Ричелл Холлистің «Әй, қыз, көзіңді аш!» кітабы Американың 40 апта бойы ең көп оқылған кітаптардың үздік үштігінде болған. Amazon сайтында 7500 пікір қалдырылған. Міне, осындай танымал сайттардағы жағымды пікір жинап, оқырмандардың қызығушылығын танытқан кітап қазақ тіліне аударылады. Себебі кітап оқылып, жастарымыз да жаңа шығармамен, әлемді қызықтыратын дүниелермен таныс болу қажет. Адамдардың көпшілігін көркем шығармалар мен психология, бизнес бағыты қызықтырады. Аударылатын кітаптардың көпшілігі орта жастағы адамдарға арналған. Әлде жастар кітап алғаннан көрі онлайн оқығанды жақсы көре ме? Дегенмен әр адамның талғамы әртүрлі деп айтар едім.
– Жұмыс барысында адамдардың көпшілігін қандай шығармалар қызықтыратын білдіңіздер. Енді жас жазушыларымыздың өз шығармашылығына қандай өзгерістер енгізгені дұыс деп санайсыз?
– Біздің жазушыларға түсінікті өзгерту керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, тозып кеткен дәстүр, наным-сенім қоғамды қызықтырмайды. Әлемдік деңгейдегі ой деп айтып жатырмыз, солай ойлау керек. Адам шығармашылығына өзгеріс енгізу үшін, ең бірінші, өзі өзгеруі қажет. Өзі өзгермеген адамның шығармашылығы өзгермейді. Егер жазушы шығармашылығында харасмент, адамның құқығын таптау, біреуді біреуден төмен не жоғары деген дүниені жазатын болса, демек, ол адамның ойы сондай. Қалай адам адамнан артық болады? Бір-бірінен адамдардың құқығы не үшін төмен болуы қажет? Екі адам бірдей жұмыс істеп, бірдей еңбек етсе, оны бөліп-жару ақымақтық. Осындай ойлармен өмір сүріп жатқан адам, транформацияға түспеген адам шығармашылығына өзгеріс, жаңашылдық енгізе алмайды. Сол себептен ақын-жазушыларымыз да заман ағымына қарай өзгеріп, өз-өзімен жұмыс істеуі қажет. Сонда ол оқырмандар үшін де қызық әрі оқылымды кітаптарды жарыққа шығарады. Бүгінде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларына қарағанда, шетелден аударылған кітаптарға қызығушылық артып келеді. Себебі әлем әдебиетінде адам құқығы мен оның теңдігі жайлы жазылады. Бұрындары Алаш зиялылары неге әйел теңдігін, шаруалар мен жұмысшы табы жайлы сөз қозғады. Себебі сол заманда осы мәселелер талқылану керек болды. Ал кейінгі әдебиетте адамдарды бөлу, адам құқығы жайлы ешнәрсе жазылмады, осының әсерінен алалау деген пайда болған. Мынау мынадан артық деп сеніп өскен. Бұлай көбіне орта буын айтады. Ал жастарымыз шетел әдебиетімен танысып, таным-түйсігін дамытып келеді. Болашақта біздің де жас жазушыларымыз оқырмандарды қызықтыратын кітап жазып шығары сөзсіз. Ең бастысы, өз ойы мен қатып қалған қағидалардан арылу керек.
- Сұхбатыңызға рахмет!