Автонесиеге өтінім бергендердің барлығы бірдей көлікке мұқтаж емес - Ринат Гаппаров
Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Жеңілдікпен автонесиеге Үкіметтен қосымша ақша бөлінуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.
Қазір ештеңе деп айта алмаймын. Өйткені мен Үкімет мүшесі емеспін. Сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Біз анықтама дайындап жатырмыз. Сол анықтамада бағдарламаны алуға ниеттілердің саны көрсетілген. Анықтамаға бағдарлам абойынша қазақстандықтардың қаржыға жалпы қажеттілігін жазып, Үкіметке ұсынылады, - деп түсіндірді басқарма өкілі Үкіметтің кулуарында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, автонесиеге онлайн өтінім беру жүйесіне құжат өткізгендердің барлығы бірдей көлікке мұқтаж деуге келмейді.
Біз қор ретінде Үкіметтің алдына міндеттер қоя алмаймыз. Біз оларға қажеттіліктің барын көрсете отырып, анықтама, ақпарат ұсынамыз. Ақпанда қаншасы «кіретіні» туралы статистиканы қарау қажеттігін түсінсеңіздер екен. Өйткені мен 125 мың адам бұл жүйеде бақ сынап көруді шешкендер болуы мүмкін, көлікке мұқтаж еместер деп жорамалдап отырмын, - деді Ринат Гаппаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде 6 ақпанда жеңілдікпен автонесиелеу бойынша өтінім қабылдауға арналған қанатқақты платформа іске қосылғаны белгілі.