Автокөлік өндірісі: Қазақстанның саладағы жетістіктері

Елімізде автокөлік жасау саласында соңғы жылдары айтарлықтар өзгерістер бар. Сала дамып, қазақстандық компаниялар автокөлік өндірісі қуатын көбейтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайлық "Жэньминь жибао" газеті мен қазақстандық БАҚ еліміздегі қазақ-қытай жобаларына бірлескен баспасөз турын өткізіп жатыр. Жоба аясында журналистер “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысады.

Сондай жобалардың бірі - Қостанай қаласындағы машина жасау зауыты.

Журналистер Қостанай қаласында орналасқан Allur зауытына барып, оның өндірісімен танысуға мүмкіндік алды.

Өздеріңіз білетіндей, Allur - Қазақстан Республикасындағы ең ірі автоөндіруші зауыт. Компания 2010 жылдың мамыр айында құрылған және Қостанай облысы Қостанай қаласында орналасқан.

Кәсіпорында көліктер қалай шығарылады? Алдымен көліктің шанағын дәнекерлейді, кейін оны бояйды, сосын корпусты құрастырады.

Қазіргі уақытта компанияда JAC, Chevrolet, Kia, Jetour, Hongqi және Skoda брендтерінің желісі бар.

Кәсіпорында 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өндіріс аймағы 104 мың шаршы метр, ал өндірістік қуаттылығы жылына 127 мың көліктен асады.

2023 жылы Allur зауыты рекордтық 90 мың жабдық шығарды. 13 жылдан астам өндірістік тәжірибесінде Allur 300 мыңнан астам көлік шығарып үлгерген.

2023 жылдың қаңтарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен кәсіпорын ресми түрде Kia Sportage автомобильдерінің шағын сериялы өндірісін іске қосты.

Жаңа желінің өндірістік қуаты жылына 25 000 автомобиль.

2023 жылдың қазан айында Allur еуропалық ең ірі Volkswagen Group концернімен өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, оған сәйкес елде Skoda маркалы автокөліктердің өндірісі ұйымдастырылады.

2024 жылы Chevrolet Onix шағын сериялы өндірісі іске қосылды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 400 жұмыс орнын құру және жобалық қуаттылығы жылына 30 мың автокөлікке дейін жеткізумен шамамен 33,7 млрд теңге.

Сондай-ақ зауыт елдегі автокомпоненттерді шығаратын бірінші Локализация орталығын салуға бастамашы болды.

Зауыт қалада орналасқан колледжбен бірлесе жұмыс істеп, өздеріне қажетті мамандарды дайындайды. Баспасөз турында білім саласындағы бірлескен жоба айтарлықтай нәтиже беріп жатқанын көрдік.

Қостанай облысы әкімдігінің Білім басқармасы "Қостанай автомобиль көлігі колледжі" 1959 жылы ашылған. Бүгінге дейін білім ордасы шамамен 25 мың маман дайындап шығарған. Қазіргі күні колледжде 1 359 студент оқиды.

Колледж директоры Дмитрий Павленконың сөзінше, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. Былтыр оқуды аяқтаған студенттердің 82,1 пайызы жұмысқа орналасқан.

Колледжіміз нарықта сұранысқа ие мамандарды дайындайды. Мысалы, техник-механик, автокөлікті жөндейтін электрик, слесарь. Колледж студенттерді толығымен тегін оқытады. Ол үшін мемлекеттік грант және нысаналы грант бөлінеді. Атап айтқанда, Allur-мен серіктестікте жұмыс істейміз. Мысалы, зауыт бізге белгілі бір мамандарды дайындауға сұраныс жасайды. Сөйтіп біз тапсырыс берушінің талабы мен сұранысы бойынша қажетті мамандарды оқытамыз, - дейді колледж басшысы.

Ол колледжде зауыттың қолдауымен ашылған құзыреттілік орталықты көрсетті. Онда студенттер машина жасаумен тәжірибе жүзінде таныса алады. Орталық тәжірибеге қажетті барлық құрал-жабдықпен жабдықталған.

Түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Колледжде қазіргі заманғы оқу корпустары, барлық қажетті жабдықтары бар шеберханалар, кітапхана жене оқу залы, спорт және тренажер залдары, жаңа жабдықтармен жабдықталған компьютерлік сыныптар, 500 орындық жаңа жатақхана бар.

Ұжымның жоғары біліктілігі жемісті оқу-тәрбие жұмысына ықпал етеді. Тәжірибелі оқытушылар окытудың ең тиімді түрлері мен әдістерін таңдап, оқу процесін жандандыру және білім сапасын арттыру бойынша жұмыс істейді.

Колледж 9-11 сыныптар базасында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім береді. Оқыту бюджеттік негізде күндізгі, сырттай және жеделдетілген оқыту нысандары бойынша жүргізіледі. 11-сынып негізінде ҰБТ сертификаты талап етілмейді.

Колледж мынадай мамандықтар бойынша дайындайды:

- Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша);
- Автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару;
- ⁠Қара металдар металлургиясы;
- ⁠Машина жасау технологиясы (Түрлері бойынша);
- Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару (бейін бойынша);
- Автомобиль жасау (түрлері бойынша);
- ⁠Құю өндірісі.

Сонымен қатар зауыт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы Allur university ашқан. Бүгінде мұнда 12 мың маман біліктігін арттырып, білімдерін жетілдірген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы