Автокөлік иелерінің назарына!
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ТЖМ автокөлік иелеріне жазғы дөңгелектерін қысқы шиналарға ауыстыруға кеңес береді. Өйткені күз мезгілінің келуіне орай жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі жиілейді.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша қараша айында жауын-шашын орын алып (көбінесе қар), боран соғып, екпінді жел, сондай-ақ еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде көктайғақ пен тұман күтіледі. Сондықтан республика жолдарында көлік құралдарының қозғалысына ерекше назар аудару қажет.
Жазғы шинаны қысқыға ауыстыру жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ауа температурасының төмендеуінен, сондай-ақ жауын-шашын болған жағдайда жолдың бетінде көктайғақ болуы мүмкін. Соның салдарынан жазғы доңғалақтардың тежелу қабілеті нашарлайды. Осының салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алуы мүмкін. Көліктің доңғалағын қысқы шинаға ауыстырмаған жүргізушілер тізгінге ие бола алмай, жолда күтпеген оқыс оқиғаларға тап болуы әбден мүмкін. Осылайша, олар өздерінің және жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Күзде және қыста төтенше жағдайларды болдырмау үшін ҚР ТЖМ ауа-райының өзгеруі, метеорологиялық мәліметтерді, ауа-райының нашарлауы, жолдардың жабылуы туралы арнайы хабарламаларды үнемі қарап отыруды ұсынады. Дауылды ескертулер кезінде ұзақ сапарларға шықпағандарыңыз абзал.