Автокөлікті қайта тіркеу кезінде нөмірді сақтау процесі автоматтандырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ішкі істер министрлігі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, автокөлікті қайта тіркеу кезінде нөмірді сақтау процесін автоматтандырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты.
Сіздер төтенше жағдай кезінде 4,5 мыңнан астам азаматтың өз автокөлігін портал арқылы ресімдегенін естіген боларсыздар. Бірақ, ресімдей алмағандары да бар. Себебі, олар көлігін сатқаннан кейін, мемлекеттік нөмірді өз атында сақтап қалғылары келді. Әрине, бұл азаматтардың өз қалауы. Кейбіріне цифрлардың комбинациясы ұнауы мүмкін. Осы мәселені цифрлық комиссарлар да көтерген еді. Тіпті, бір азаматтың 362 нөмірін өз атында қалдырғысы келетіні туралы маған хат жазғаны есімде, ол тұрып жатқан аймақта бұл сан киелі саналады екен және оны тұмарындай көрсе керек, - деді министр.
Өз кезегінде министр бұл ұсыныс-пікірлерді тиісті органдарға жеткізгендігін айтады. Қазір бұл процесс автоматтандырылғанын айтады.
Біз азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ҚР Ішкі істер министрлігіндегі әріптестерімізге (себебі, мемлекеттік қызметті көрсетуші солар) жеткіздік. Олар "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, автокөлікті қайта тіркеу кезінде нөмірді сақтау процесін автоматтандырды. Бұрын бұл процесс мамандандырылған ХҚКО-да қағаз түрінде жүргізілетін, азаматтың нөмірді өз атында қалдыратыны туралы жазған өтінішін ХҚКО қызметкерлері ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне жолдап отырды. Кеше осы сервисті тестілеуге қатыстым. Бүгін іске қостық. Енді көлігіңізді портал арқылы есептен шығару кезінде "мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін сақтау" сөзінің жанына белгі қойсаңыз болды, мемлекеттік нөмір өзіңізде қалады. Басқа министрліктердегі әріптестеріміздің сервистерді автоматтандырудың қажеттілігін түсінуі және белсенділік танытуы біз үшін өте маңызды, - деп атап өтті ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматы дәрігерлеріне 1,2 млрд теңгенің үстемеақысы берілді
Өзгелердің жаңалығы