Бүгiн 2026, 02:24 Фото: mtrk.kz

Автобусты мас күйінде айдағандарға қылмыс іс қозғалды

Шара барысында Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды, оның 6 мыңға жуығы жолаушылар тасымалы саласына тиесілі.

Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Ел аумағында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Шара барысында Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды, оның 6 мыңға жуығы жолаушылар тасымалы саласына тиесілі.

Жолаушылар мен жол қозғалысының өзге қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.

Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік басқарудың 2 дерегі, мас күйінде басқарудың 4 дерегі және көлік құралын басқару құқығынан айырылған 3 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар қалааралық және халықаралық бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын автобустарда орындарды заңсыз жабдықтаудың 63 дерегі тіркелді. 61 автобус арнайы айып тұрағына қойылып, 102 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді. Сондай-ақ 6 жүргізушіге қатысты көлікті мас күйде басқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген хабарламада.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығы – ең жоғары құндылық. Ішкі істер министрлігі барлық жүргізушіні, оның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтарды заң талаптары мен қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.