Автобус, теміржол, порт: Исламабадтағы 24 сағат Қазақстан экономикасын қалай өзгертеді?
Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары декларация деңгейінен шығып, нақты экономикалық есепке құрылған серіктестікке айнала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф арасында Исламабадта өткен келіссөздер еліміз үшін қандай өзгерістерді алып келеді деген сауалға экономист Айбар Олжай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экономикалық сарапшы Айбар Олжай бұл кездесуді Қазақстанның транзиттік және өндірістік стратегиясындағы бетбұрыс сәттердің бірі деп бағалайды.
Бұл жолы тараптар абстрактылы меморандумдар емес, нақты порттар, нақты теміржол бағыттары және нақты экспорттық контракттар туралы сөйлесті. Исламабадтағы 24 сағат - Қазақстан үшін сыртқы нарықтарға шығудың жаңа архитектурасын бекіткен уақыт болды, - дейді Олжай.
Араб теңізіне ашылған терезе
Келіссөздердің өзегі - Қазақстанды Араб теңізіне, одан әрі Үнді мұхитына шығару. Бұл бағытта Пәкістан екі негізгі логистикалық нүктені ұсынды: Карачи порты мен Гвадар порты.
Карачи - қалыптасқан халықаралық хаб, ал Гвадар - Үнді мұхитына тікелей шығатын болашақ геоэкономикалық қақпа.
Сарапшының айтуынша, бұл порттар Қазақстанды дәстүрлі солтүстік және шығыс бағыттарға тәуелділіктен біртіндеп босатып, Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Азия нарықтарына тікелей жол ашады.
Теміржолсыз порт – жай ғана идея
Айбар Олжай порт тақырыбын теміржол логикасынсыз қарастыруды стратегиялық қате деп есептейді. Сондықтан келіссөздер барысында Транскаспий көлік дәлізін дамыту, Ауғанстан арқылы өтетін анзиттік бағыт және Қазақстан-Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан теміржол бағыты нақты аталды.
Теміржол іске қосылса, Қазақстан транзиттік картада жай ғана қатысушы емес, бағытты өзі қалыптастыратын ойыншыға айналады, - дейді ол.
Сарапшы пікірінше бұл сценарий жүзеге асса, Қазақстан үшін транзит - қосымша мүмкіндік емес, дербес экономикалық сектор болмақ.
108 миллион долларлық электобус: символдық контракт емес
Келіссөздердің ең салмақты практикалық нәтижелерінің бірі - қазақстандық Falcon EuroBus компаниясының Пәкістанға шамамен 600 электробус жеткізу туралы 108 млн долларлық келісімі. Алғашқы партия 2025 жылдың сәуірінде жөнелтіледі, ал 2027–2028 жылдары экспорт көлемі 2 мың автобусқа дейін ұлғаюы мүмкін.
Айбар Олжай бұл келісімді жай ғана экспорт емес, индустриялық серіктестіктің бастамасы деп санайды.
Электробус- жоғары технологиялық өнім. Ол машина жасау, электроника, аккумулятор жүйелері, сервистік инфрақұрылым мен кадр даярлау тізбегін бірге алып жүреді. Қазақстан бір реттік тауар сатпай, ұзақмерзімді өндірістік қатынас орнатып отыр, - дейді сарапшы.
Бір сценарий, бір логика
Сарапшының пайымынша, қазіргі картина анық: порттар - сыртқы нарыққа жол ашады, теміржол -сол жолды экономикалық арнаға айналдырады, ал өнеркәсіптік контракттар Қазақстанды сол арнадағы тұрақты тауар өндіруші ретінде бекітеді.
Ендігі басты міндет- осы үш элементті бір сценариймен, жүйелі түрде іске асыру.
Егер логистика мен өндіріс үйлесімді жүрсе, алдағы онжылдықта транзит пен өңдеуші өнеркәсіп Қазақстан үшін мұнайдан кем емес табыс көзіне айналуы әбден мүмкін, - деп түйіндейді Айбар Олжай.