Австралиядағы өрттен кейін көне жәдігерлер табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Австралиядағы апатты өрт елдің Виктория штатының оңтүстік-батысындағы көне арналар мен тас үйлердің бұрын белгісіз жүйесін табуға түрткі болған. Бұл жерде сонау 6600 жыл бұрын Гундитжмара тұрғындары құрған өркениетің ізі болуы мүмкін, деп хабарлайды австралиялық ABC News.


Гундитжмараның ежелгі адамдары салған құрылыстары Египеттегі пирамидалардан да көне екені анықталған. Бұл аймақтың ежелгі тұрғындары тас төселген арналардың күрделі желісін жасаған. Олар бұл жүйені жыланбалық аулау үшін пайдаланған екен. Аборигендер тұрған үйлердің көбі де тастан жасалған. 

Ғалымдар бұған дейін де осы аймақтағы аквамәдениеттің ежелгі жүйесі туралы білген болатын Алайда Австралияда болған өрт осы уақытқа дейін белгісіз көне өркениеттің ізін байқауға мүмкіндік берді. Бұрын арналар жүйесі мен тұрғын үйлердің қалдықтары Австралияның ну орманы мен қалың өсімдігінің астында жасырынып келген еді. Өрттен кейін олар айқын көрінді.

Енді бұл жаңалықты археологтар зерттейді. Ғалымдар қазірдің өзінде арнайы бағдарламаны пайдалана отырып, аэрофототүсірілім жүргізіп жатыр. Археологтардың ойынша, Гундитжмара аборигендерінің мәдениеті олар ойлағаннан әлдеқайда дамыған әрі күрделі болуы ықтимал.

Гундитжмараның ежелгі халқы әлемдегі ең ірі және көне аквамәдениет желілерінің бірін жасағаны белгілі. Олардың жыланбалық аулауға арналған тас арналары мен бассейндердің ежелгі жүйесінде күрделі сериялар бар.

Айта кетейік, 2019 жылы бұл аймақ ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне қосылды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы