Австралияда өрт салдарынан 30 мыңға жуық турист эвакуацияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Виктория штатында 16 ірі өрт тіркелді. Күннің қатты ыстық болуы мен желдің күшеюі салдарынан жағдай ушығып тұр.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Австралияның оңтүстігінде ормандағы өрт салдарынан 30 мыңға жуық турист эвакуацияланды.

Олардың барлығы Мельбурннан шығысқа қарай 250 км қашықтықта орналасқан Джипсленд аймағында болған. Фернелл, Тамбун және Оңтүстік Тамбун қалаларының тұрғындары да үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Виктория штатында 16 ірі өрт тіркелді. Синоптиктердің болжамына қарағанда ауа райы жағдайды бұдан да қиындатуы мүмкін. Қалалардың көпшілігінде 40 градус ыстық. Ал 31 желтоқсанда жел күшейіп қана қоймай, бағытын өзгертеді, - делінген таратылған ақпаратта.

Айта кетсек, қазанның ортасында Австралияның шығыс жағалауында ормандар жаппай өртене бастады. Өрт салдарынан сегіз адам, оның ішінде екі өрт сөндіруші қаза тапты. 30-дан астам адам жарақат алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы