Австралия атомдық сүңгуір қайықтар өндірісіне инвестиция салады
AUKUS бағдарламасы Австралия тарихындағы қорғаныс саласына жасалған ең ірі инвестиция болып саналады.
Ресми Канберра AUKUS үшжақты қорғаныс келісімінің аясында атомдық сүңгуір қайықтар жеткізілетін верфь құрылысына 3,9 миллиард австралиялық доллар (2,76 миллиард доллар) жұмсайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
2021 жылы жарияланған AUKUS бағдарламасы Австралия тарихындағы қорғаныс саласына ең ірі инвестиция болып саналады. Ол АҚШ басқаруындағы Virginia класты сүңгуір қайықтарды 2027 жылдан бастап Австралияда орналастыруды, 2030 жыл шамасында Австралияға бірнеше Virginia класты сүңгуір қайықты сатуды, сондай-ақ Ұлыбритания мен Австралияның жаңа AUKUS класты атомдық сүңгуір қайықтарын жасауды қарастырады.
Австралия премьер-министрі Энтони Альбанезе 3,9 миллиард австралиялық долларды Аделаиданың Оңтүстік Австралия штатындағы Осборн қалашығындағы жаңа верфьді іске қосу үшін алдын ала төлем деп атады.
Осборндағы сүңгуір қайықтарды салу верфіне жасалатын инвестициялар дәстүрлі қару-жарақпен жабдықталған австралиялық атомдық сүңгуір қайықтарды жасау үшін шешуші мәнге ие, – деді Альбанезе мәлімдемесінде.
Ресми болжам бойынша, құрылыстың жалпы құны келесі онжылдықтар ішінде 30 миллиард австралиялық долларды (21,2 миллиард АҚШ доллары) құрайды.