Авиакомпания қызметкерлеріне берілетін 90% жеңілдікті жою ұсынылды
Қазақстандағы әуе тасымалында әділетсіздік белгілері байқалып отыр. Бұл туралы «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қымбат әуе билеттері, рейстер тапшылығы және жолаушыларға «нарық заңдары» туралы жиі айтылатын түсіндірмелерге қарамастан, авиация саласында қызметкерлер мен олардың жақындарына арналған айтарлықтай жеңілдіктер жүйесі сақталып отыр.
Авиакомпания қызметкерлері мен олардың айналасындағы адамдар 80-90 пайызға дейінгі жеңілдікпен ұшып жүр. Бұл – ашық айтуды қажет ететін мәселе, – деді Ғалым Байтоқ.
Қоғамдық палата төрағасының орынбасары соңғы уақытта жеңілдетілген билеттерді топ-менеджменттің туыстары пайдаланғаны туралы жария даулардан кейін бұл мәселенің жекелеген жағдай емес, жүйелі проблема екені анықталғанын атап өтті.
Оның сөзінше, мұндай «өз адамдарына арналған арзан билеттер» мемлекет тарапынан субсидияланбайды және әуеден алынбайды. Шын мәнінде, олардың құнын қарапайым жолаушылар төлеп отыр: толық бағамен билет сатып алып, көбіне оны қайтару құқығынан, сервистен және баламалы рейстерден айырылған азаматтар.
Нәтижесінде қоғамға шығын мен нарық талаптары түсіндірілгенімен, саланың ішінде жабық артықшылықтар жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұл авиация саласына деген сенімді әлсіретеді және ашықтық пен нақты ережелерді талап етеді: жеңілдіктер не барлығына бірдей болуы керек, не мүлде болмауы тиіс, – деді ол.