Ауызсу тапшылығын жою үшін биыл қазынадан 215 млрд теңге бөлінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін көрсеткіштері төмен және көш соңында қалған өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Осы жылы бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 215 млрд теңге көзделген. Оның ішінде, қалаларға – 120 млрд теңге және ауылдық елдімекендерге – 95 млрд теңге. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98,5%-ын, ал ауыл халқының 94,7%-ын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ол халық саны аз ауылдарда ауызсу тапшылығымен қалай күресетіндеріне тоқталды.
Еліміз бойынша барлығы 6302 ауылдық елдімекен бар. Оның ішінде, 4759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Аталған қызмет түрімен қамтамасыз етілмеген ауылдардың 511-інде орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау жөніндегі құрылыс жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Ал халық саны аз 1 мыңнан астам ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модуль дер орнатылатын болады. Оның ішінде, биыл 120 ауыл тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету және халық саны аз 220 ауылда кешенді блок-модуль орнату жоспарлануда, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр Өскенбаев еліміздің ауызсу тапшылығы бар өңірлерін атаған болатын.