17 Қараша 2026, 21:50 Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ауыр атлетикадан ел чемпионатында жаңа жеңімпаз анықталды

17 жастағы Мұхаммедали Қойшыбек алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының екінші жарыс күнінде ерлер арасында 60 және 65 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

65 келіге дейінгі салмақта басты бәсеке өрбіді. Қызылорда облысының атынан сынға түскен 17 жастағы Мұхаммедали Қойшыбек жұлқа көтеруде көшбасшыдан 11 келі қалып қойғанымен, серпе көтеруде қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде қоссайыста 258 келі (108+150) көтеріп, алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.

Бұл салмақта күміс жүлде 254 келі нәтижемен Қостанай облысының өкілі Никита Журавлевке бұйырса, Жетісу облысының спортшысы Аблай Анамбай 252 келі көрсеткішпен қола медаль иеленді.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта Батыс Қазақстан облысының өкілі Өтепберген Әлиев топ жарды. Ол қоссайыста 264 келі (123+141) көтерді. Алматы облысының спортшысы Алексей Дроздов 253 келімен екінші орын алса, Қызылорда облысының атынан қатысқан Азамат Төлеген 246 келі нәтижемен үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, ертең әйелдер арасында 57, 61, 69 және 77 келі салмақ дәрежелерінде жүлделер сарапқа салынады.