Ауыр атлет допинг үшін төрт жылға спорттан шеттетілді
Қытайдың атақты ауыр атлеті, екі дүркін Олимпиада чемпионы Люй Сяоцзюнь допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін төрт жылға жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы Спорттық төрелік соты — CAS (Court of Arbitration for Sport) ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Люй Сяоцзюнь не үшін шеттетілді?
2022 жылдың желтоқсан айында Люй Сяоцзюнь допинг қолданды деген күдікпен уақытша жарыстардан шеттетілген болатын. Жарыстан тыс уақытта алынған сынамадан спортшының ағзасынан эритропоэтин (ЭПО) атты пептидтік гормон табылған. Бұл — қан айналымын жақсартып, спорттық нәтижені заңсыз түрде арттыратын тыйым салынған зат.
CAS шешімі бойынша, шеттету мерзімі 2022 жылдың 30 қазанынан бастап есептеледі. Сонымен қатар, осы күн мен 20 желтоқсан аралығындағы барлық спорттық нәтижелерінің күші жойылды.
Тыңдауда не айтылды?
2023 жылдың 2 сәуірінде бейнеконференция форматында өткен тыңдауда істі қараған жалғыз төреші Люй Сяоцзюньның допингке қарсы ережелерді бұзғанын дәлелденген деп тапты. Спортшы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарғанымен, CAS алдында жазаны жеңілдететін нақты уәж келтіре алмады.
Төреші істің CAS-қа кешіктіріліп жіберілгенін спортшыға қатысы жоқ себептермен түсіндіре отырып, шеттету мерзімін сынама алынған күннен бастап есептеуді дұрыс деп таныды, – делінген CAS хабарламасында.
Люй Сяоцзюнь кім?
• Олимпиада чемпионы – 2012 және 2020 жылдары алтын алған
• Әлем чемпионы – 5 мәрте
• Қытайдың ауыр атлетика тарихындағы ең танымал спортшылардың бірі