Ауылының тұрғынын құтқарып қалған әкім марапатталды
Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында ауылының тұрғынын өлімнен құтқарып қалған округ әкімі марапатталды.
Руслан Байсағызов — Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылдық округінің әкімі. Ол 1 маусым күні ауылындағы 50 метрлік мұнараға шығып, өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды өлімнен арашалап қалған.
Негізі оқиға былай болған: ауыл тұрғыны өз-өзіне қол жұмсамақ болып, ауылындағы биік мұнараға шығады. Оны көрген әлгі азаматтың туыстары мен ауыл тұрғындары у-шу болып, сабырға шығарады. Бірақ өлімге «асыққан» әлгі кісі олардың сөзіне көнбейді, тіпті, төтенше қызметтің қызметкерлері де көмектесе алмайды. Сол сәтте округ әкімі оқиға орнына барып, ауыл тұрғынымен екі сағат бойы келіссөз жүргізіп, ақыры оны өлімнен құтқарып қалады.
Ауылының тұрғынын құтқарып қалған округ әкімін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев марапаттап, оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаевтың арнайы Алғыс хатын табыстады.
Русланның бұл «ерлігін» қазір барша мәртөктіктер айтып жүр. Біз де осындай мемлекеттік қызметшілеріміздің барын мақтан етеміз. Русланға қызметінде сәттілік тілейміз, — дейді департамент басшысы.
Ал округ әкімінің айтуынша, өзіне қол жұмсамақ болған кісі басқа біреуден қаражатын ала алмай жүрген. Сол себепті өзіне назар аудартпақшы болыпты.
Оқиға орнына шұғыл түрде жеттім. Алайда келіссөз ұзақ уақытқа созылды. Нәтижесінде өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынға моральдық қолдау көрсетіп, құзырлы мамандармен бірлесіп төменге түсіріп алдық. Адам өмірі — еліміздің басты құндылығы, сондықтан мен бұл қадамға ойланбастан бардым. Әрі мемлекеттік қызметші ретінде ауылымның адамдарына қолдау көрсету, көмек беру — менің парызым, — дейді Руслан.