Ауыл шаруашылығын инвестициялық қаржыландыру жалғасып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде өткен жылдың тамыз айынан бері аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінетін екінші деңгейлі банк несиелерін кепілдендіру механизмі жұмыс істеп келеді.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарындағы 8 кәсіпорынның банк несиелері кепілдендірілді. Оның жалпы сомасы 2,3 млрд теңгені құрады. Осы арқылы фермерлер екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеді. Нәтижесінде кәсіпорындарын жаңартып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік алды.
Қазіргі уақытта банктерде жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрайтын тағы 5 жоба қаралуда. Оң шешім қабылданса Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері несиелерін кепілдендіру мүмкіндігіне қол жеткізеді. Мұнда жыл он екі ай жұмыс істейтін жылыжай құрылысын, астық кептіру кешендерін, ангарлар салу, жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алу және айналым қаражатын толықтыру жобалары ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі банк несиелерін кепілдендіру механизмін саланы несиелеуді ынталандыру, банктердің несие тәуекелдерін азайту және аграрлық саланы қаржыландырудың тартымдылығын арттыру арқылы фермерлерді қолдау мақсатында әзірледі.
Кепілдендіру жүйесіне екінші деңгейлі банк несиелерін алу арқылы инвестициялық жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер – кепілге қоятын мүлкі жоқ жеке кәсіпкерлік субъектілер (АҚ, ЖШС, шаруа және фермер қожалықтары және т.б.) қатыса алады.
Банктен алынатын несие Қордан берілетін кепілдікке байланысты болады. Мәселен, несие сомасы – 5 миллиард теңгеден аспауы тиіс, несие мерзімі – 10 жылға дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 17%-дан аспайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кепілдендіру қызметі үшін несие сомасының 0,1% мөлшерінде комиссия төлейді.
Кепілдік Агроөнеркәсіп кешеніндегі қызметтің барлық түрлеріне, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру қызметінің инвестициялық жобаларын іске асыруға беріледі.
Бекітілген басым инвестициялық бағыттар:
- Тауарлы сүт фермалары;
- Етті құс шаруашылығы;
- Қарқындық бақ;
- Жылыжайлар;
- Қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын өндіру;
- Жарма өндірісі;
- Жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу;
- Өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру.
Қор несие сомасының 50%-на дейін кепілдендіреді. Басым инвестициялық жобалар бойынша кепілдік мөлшері жоба іске қосылғанша 85%-ға дейін, іске қосылғаннан кейін несие сомасының 50%-на дейін кепілдендіреді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі несиелерді кепілдендіру жүйесінің операторы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ.