Ауылға жол салып, су тарту бір күнде атқарылатын шаруа емес – депутат

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сандықтау ауданына жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Асқарбек Үйсімбаев Балкашин селосында «Урожай» стадионындағы құрылыс барысымен танысты.

Селода 5524 адам қоныстанған. 1982 жылы пайдалануға стадион аудандағы ең ірі спорт нысандарының бірі.  Ғимаратқа бұрын-соңды жөндеу жүргізілмеген. Былтыр шілде айында басталған жоба құны – 388 млн 637 мың теңге. Құрылысқа жауапты – «KHS Company Group» ЖШС мердігер ұйымы.

«Былтыр 220,784 млн теңгеге көрермендер трибунасы, 297,2 шаршы метр алаңдық корпус, киім ілетін, жуынатын орын, қосымша бөлмелермен қамтылды. Жасанды футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары, инженерлік желі жүргізілді. Аумақ түгел қоршалды. Биыл облыстық бюджеттен 123,717 млн теңге бөлінді. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары аяқталып келеді. Барлығы талапқа сай салынып жатыр», - деп атап өтті мердігер Қанат Қоңқашев.

Стадион аудандағы спортшылардың көптен күткен нысандардың бірі. Партияның Жол картасы аясында стадион екінші тынысын ашпақ.

«Сметалық құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп, мердігер қызу жұмыс жүргізуде. Бұл да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған іс. Жақын арада күрделі жөндеу аяқталып, нысан қолданысқа берілетіні қуантады», – деді Асқарбек Үйсімбаев.

Халық қалаулысы Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың «Жол картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

«Әр елді мекенге барған сапарымызда «Жол картасы» бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың дұрыс игерілуін қадағалаймыз. «Аманат» партиясы мұны бақылауда ұстап отыр. Қаржы бөлінгеннен кейін ол мақсатты түрде игерілуі тиіс. Аудандарда, ауылдық елді мекендерде көп іс тындырылып жатыр. Жол да салынып, су да тартылуда. Мұның барлығы бір күнде атқарылатын шаруа емес. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, жағдайларын сұрап біліп жатырмыз. Мәселелер рет-ретімен шешіледі деп ойлаймыз», - дейді Асқарбек Үйсімбаев.

Бұған дейін өңірдің Аршалы, Егіндікөл, Ақкөл, Жарқайың, Атбасар аудандарында болып, тұрғындармен кездескен халық қалаулысы аталған өңірлерге қатысты мәселелерді алға тартты.

«Үш ауданда су мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Егіндікөлде су мәселесі өзекті болып отыр. «Казводхоз» республикалық су комитетіне бағынады. Елді мекендер ауыз судың зардабын тартып отыр. Қорғалжын, Атбасар, Егіндікөл аудандарында 24 елді мекен бар. 14565 адам тұрып жатыр. Арнайы техниканың жоқтығы да мәлім.  Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынып, әбден ескірген су құбырлары жаңартылып, тұрғындар ауыз сумен қамтылуда. «Аманат» партиясы осы мәселені түбегейлі шешуге бел буып отыр», - деп атап өтті халық қалаулысы.

Ол Жарқайың ауданында да жол, су мәселесі өткір тұрғанын айтты.

«Ауданнан Арқалыққа шығатын Петропавл-Жезқазған   трассасы республикалық маңызға ие жол. Арқалықтың шекарасына дейінгі жолдардың сапасы ойдағыдай деп айтуға келмейді. Державиннен Уәлиханов ауылына дейінгі 36 шапқырым жолға 100 млн қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Далабаймен екі аралықтағы 30 шақырым жол екі-үш жыл салынып жатыр. 500 млн қаражаты қалған екен, ол да мақсатты түрде игеріледі деп сенеміз. Су мәселесі бойынша да арнайы жоба жасалуда, оны да арнайы барып көрдік», - дейді халық қалаулысы. 

Халық қалаулысы осы сапары барысында сандықтаулықтар тарапынан көтерілген мәселелерге тоқталды.

«Сандықтау ауданында шаруа қожалықтарының басты проблемасы – субсидияны уақытында ала алмай отыр. Елді мекен тұрғындары су мәселесін де алға тартты. «Ауыл-ел бесігі бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Енді клуб үйіне көмек сұрап отыр. Каменка ауылында сумен қамту жұмыстары басталды. Жоба бойынша тиісті қаражат бөлінеді. Су мәселесі бойынша өткен парламенттік сағатта Ақмола облысы бойынша 14,6 млрд теңге қаражат қажет етілетіндігі айтылды. Президент 2025 жылға дейін әр елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтуды тапсырды. Осы ретте Ақмола облысы бойынша тиісті құжаттарды дайындап, сараптамадан өткіздік», – дейді Асқарбек Үйсімбаев.

Жұмыс сапары барысында өңір тұрғындары көтерген барлық проблемалық мәселелер қаралып, бақылауға алынды.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы