Ауылға келген дәрігерлерге 10 млн теңге көтерме ақы берілуі мүмкін
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға қатысты бірқатар заң жобасы Үкімет қарауына жіберілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздердің мамандықтарыңыз ең қиын, жауапты және асыл мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалып, нағыз ерлік жасап жүрсіздер. Президенттің тапсырмаларына сәйкес соңғы жылдары жалақы көтеріліп, жаңа денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр, - деді ол.
Аймағамбетов қазір денсаулық сақтау туралы заң жобасы қарастырып жатқанын атап өтті.
Қазір біз денсаулық сақтау туралы заң жобасын қарастырып жатырмыз. Онда медицина қызметкерінің мәртебесін бекіту, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау бойынша қосымша шараларды қарастыру маңызды. Осы мақсатта біздің комиттетің депутаттары бірқатар түзетуге бастамашылық жасады. Бүгінде бұл түзетулер Үкіметтің қарауына жіберілді, - деді төраға.
Атап айтқанда:
1. Ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлері үшін 10 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы белгілеу жөніндегі норманы Заңға енгізу туралы түзету еңгіздік. Бұл «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген мәселе.
2. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз жарналарын төлейтін барлық медицина және білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы, міндетті медициналық тексеруден тегін өтуі, яғни МӘМС есебінен өтуі туралы норма ұсынылды;
3. Үкіметтік нұсқада заң жобасында 2025 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің өздері кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру бойынша жыл сайынғы сақтандыру ақыларының 50% - төлеуге міндеттеу көзделген. Біз 100% сақтандырудың барлық сомасын жұмыс берушінің есебінен жабуды ұсынып отырмыз;
4. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін балаларын балабақшалардағы орындармен басым тәртіппен қамтамасыз ету, демалыстардың ұзақтығын ұлғайту жөніндегі нормалар ұсынылуда, сондай-ақ өздерінің кәсіби міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған немесе мүгедек болған медицина қызметкерлерінің балалары үшін жоғары білім беру гранттарын бөлу кезінде басым құқықты белгілеу бөлігінде түзету енгізілді;
5.Медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау жөніндегі норма және дәрігерлерді қорғауға бағытталған басқа да нормалар ұсынылып отыр.