Ауылдық жерде жұмысшы мамандар тапшы – Максим Рожин

Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай “Адал адам – адал еңбек” жастар форумы өтіп жатыр. Форум аясында Мәжіліс депутаты Максим Рожин жұмысшы мамандықтар жылының маңызын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны белгілі. Максим Рожиннің айтуынша, бұл жердегі мақсат бір жылды ұрандатып өткізу емес, экономика үшін маңызды кадрларды дайындау деп санайды. Президенттің бірнеше жылдан бері “біз технократтар еліне айналуымыз керек, техникалық мамандықтарды елге насихаттап, көбейтуіміз керек” деп айтуы бекер емес екенін айтады.

Біз жылдан жылға еліміздегі өндірістің қаншалықты маңызды екенін түсініп келеміз. Өндіріс ошақтарына барғанымызда көп жағдайда өндіріс иелері бізге “кадр жетіспейді, жастарды өзіміз үйретіп, өзіміз жұмысқа тартамыз” дейді. Яғни осындай өндірістердің еліміздің экономикасы үшін маңыздылығын ескере отырып, сол өндіріске баратын азаматтарымызды әлден бастап дайындауымыз керек деген Президенттің қойып жатқан мақсаты деп қабылдаймын, - деді ол.

Мәжіліс депутаты ауылдық жерлерде жұмысшы мамандарды табу қиын екенін жеткізді.

Ауылды жерде еңбек мамандығын алу, белгілі бір саланың маманы болу – өмір сүрудің басты кепілі. Ауылда көп жағдайда медиктер, мұғалімдер жұмыс таба алады. Егер ол ауылда теміржол стансасы болса, бәлкім сол теміржол стансасында жұмыс істейтіндер бар. Бірақ басқа қажет мамандық иелерін ауылдан табу қиын, - деді Рожин.

Депутат ауылдан тіпті техника жөндейтін кәсіби маман табылуы қиын дейді.

Менің негізгі мамандығым еңбек пәнінің мұғалімі, кәсіптік білім беру маманымын. Яғни қалада жұмыс істейтін болсам, авто ісі бойынша жүргізушілерді оқытамын. Ал ауылда жұмыс істейтін болсам, трактор айдайтын азаматтарды оқытамын. Ал қазір тракторды айдау түгілі трактордың тілін білетін азаматтарды ауылдан таба аламыз ба? Кәсіби мамандарды. Көп жағдайда ол атасынан, әкесінен қалған кәсіпті дөңгелетіп жатқан азаматтар. Біз мұны кәсіби деңгейге қоюымыз керек, - деді ол.

Максим Рожин жұмысшы мамандықтардың жастарға тартымды болуы үшін әрекет жасау, ол мамандықтарға деген көзқарасты өзгерту керек деп есептейді. Ал ол үшін депутаттың ойынша жұмысшы мамандықтарының табысын ұлғайтып, оларға білім беретін кәсіптік оқу орындарының білім сапасын және сол жердегі материалдық-техникалық базаны жақсарту керек.

Айта кетейік, жастар форумы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ассамблея жастарының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форум еңбек адамына құрмет көрсету және түрлі салалардағы беделді мамандармен мотивациялық кездесулер өткізу арқылы еңбекті қастерлеу қағидаттарын насихаттауға бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы