Ауылдық жерде 30 медициналық нысан бой көтереді

Ертіс өңірінде ауылдық жерлерде 30 медициналық нысан салу үшін жер учаскелері бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыста «Ауылдық денсаулық сақтау модернизациялау» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат – бұрын-соңды жөндеу көрмеген нысандарды жөндеу және сапалы медициналық қызмет көрсететін мекемелер ашу. Алдағы екі жыл ішінде 30 нысанның құрылысы толық аяқталуы керек.

Қазіргі уақытта дәрігерлік амбулатория, фельшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің типтік жобалары әзірленіп жатыр. Жобалар дайын болған соң жұмыс басталады. Айта кетейік, биыл үш ауданда медициналық нысандар салына бастады.

Алдағы жылдары аймақта ауылдық елді мекендерін санитарлық көліктермен қамту жағы да шешімін табады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситказиновтың айтуынша, ауылдық жерлерде 2016 жылдан бері санитарлық көлік сатып алынбаған.

2020 жылы облыстық жедел-жәрдем станциясының паркі толық жаңартылса, ауылдардағы көліктер ауыстырылған жоқ. Биылғы жылдан бастап аудандар үшін 37 машина сатып алынады. Бұл игілікке 838 млн теңге бөлінді. Автомобиль паркін кезең кезеңмен жаңартып отырсақ, үш жылдан кейін санитарлық автопарк жаңа көліктермен толығады. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдар конкурстық шараларды өткізіп жатыр, - дейді Айдар Ситказинов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы