Ауылдың мәдени өмірі жақсармай, қаланың тәртібі түзелмейді
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасына қазынадан 143 млрд теңге қарастырылды. Жоспар бойынша, 736 ауылдық елді мекенде 1530 жоба іске асырылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы экономика ғылымдарының докторы, академик Төлеутай Сатайұлы «Жаңарған Қазақстан» арнайы жобасында айтты.
Ауылды аумақтарды дамытуға 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен аз, ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сондай-ақ ауылдық мекендер 100% сумен, 97% ғаламтормен қамтылады. Жергілікті жолдар 95%-ы жөнделеді. Ауылдық жерлерде 183 мектеп, 100 спорттық ғимарат пайдалануға беріледі. 650 Мәдениет үйі салынып, жөндеуден өткізілмек.
17 өңірді аралап көргенде, жақсарған ауылдарды көріп қайттық. Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында жағдай жасалды. Дегенмен де, солардың ішінде жүйелі жұмыс жоқ. Біз бір ауылға келеміз де, мектебін жөндейміз, бір ауылға келіп жолын, енді бірінде ауыз суын жөндейміз. Осылайша, атқарылып жатқан жұмыс көрінбей қалады. Сондай-ақ келешегі жоқ деп ауылдарды жою дұрыс емес. Бұл – қазақтың қанында болмаған нарсе. Ал енді біз осы ауылды елді мекендер тұрған жерді босата беретін болсақ, көршілес елдердің көзі түсіп, қызығуы мүмкін. Бұл, біріншіден, ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді. Біздегі шекара маңындағы ауылдардың жағдайы күн санап күрделеніп келеді. Бұған негізгі себеп – жұмыссыздық мәселесі, – дейді экономика ғылымдарының докторы, академик Төлеутай Сатайұлы.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының тұжырымдаманың үш негізгі тәсілі:
• Ауылдың институциялық дамуын қамтамасыз ету;
• Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту;
• Агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы корпорациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру;
Ауылда жастардың бос уақытын өткізетін мәдени орындар жоқтың қасы, клуб, кітапханалардың есігінде қара құлып тұр. Халықтың үдере көшуіне әсер ететін фактордың бірі осы. Себебі ауылдың мәдени өмірі жақсармай, қаланың тәртібі түзелмейді. Ауыл мен қаланың арасындағы алшақтықтың тігісін мәдениетті жатқызу арқылы теңестіруге болатын шығар.
Қазір 6250 ауыл болса, соның жартысында кітапхана сақталған шығар. Бізде 2023-2029 жылдарға дейінгі қабылданған мәдени саясат жайлы тұжырымдама бар. Онда ауыл кітапханалары туралы бір ауыз сөз жоқ. Осы оқылықтың орнын толтыру керек. Түрлі теріс діни ағымдардың дүниетанымы белең алып кетті деп айтамыз. Бұл тағы да ауыл мәдениетін ескерусіз қалдырғандықтан. Себебі біздің мәдениеттің түп тамыры ауылда. Сонымен қатар бағдарлама жасағандар ауылға барып тұрса. Сол сұраныс жасап, бағыттап отырған ауылдарды өздері барып көрсе, өйткені аудан орталықтарында үй салуға не сатып алуға 2500 АЕК, ауылдарға 200 АЕК несие береді. Бұлар көбінесе, сатып алынатын емес, салынатын үйлер. Қазіргі құрылыстың бағасын білесіз. Ауылға жеткенше қымбаттап кетеді, – дейді «Ауыл» партиясының хатшысы Қуаныш Сейітжанов.