Ауылдарға интернет келеді: Биыл қанша елді мекен қуанышты жаңалық күтеді?
Биыл Қазақстанда 1600 ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 370 ауыл интернетке қосылып, 12 мыңға жуық шақырым байланыс желісі тартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде заманауи телеком-инфрақұрылымды дамыту бағытында негізгі жобалар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Министрдің айтуынша, Транс-Каспий талшықты-оптикалық байланыс желісін дамыту бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоба аясында Әзербайжанның Сумгаит жағалауынан Ақтауға дейін 390 шақырым кабель тартылған.
Транс-Каспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Әзербайжанның Сумгаит жағалауынан Ақтауға дейін 390 шақырым кабель төселді. Желіні осы айда іске қосу жоспарланған, – деді ол.
Қазақстанда 5G желісін кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда 20-дан астам қалада 5G желісінің 4 мыңнан астам базалық станциясы орнатылған.
Сонымен қатар Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылған. Бұл технология спутник пен смартфон арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Ол спутник пен смартфон арасындағы тікелей байланыс арқылы елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге және интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, навигация және мессенджерлер арқылы SMS жіберуге болады, – деді министр.
Қазіргі уақытта технология Android операциялық жүйесінде қолжетімді. Ал iOS құрылғылары үшін енгізу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Көлік саласындағы интернет инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Бүгінде 50 теміржол бағыты бойынша қатынайтын 124 пойыздың 1 500 вагоны интернетпен қамтылған.
7 ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасуда, – деді Жаслан Мәдиев.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын «Батыс – Шығыс» гипермагистралін дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның жартысы тартылған. Жобаны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Ауылдарды интернетпен қамту жұмыстары да жалғасуда.
Интернетке 370 ауыл қосылды. 12 мыңға жуық шақырым байланыс желісі тартылды. Биылғы жоспар – 1 600 ауылды интернетке қосу, – деді министр.
Осылайша, ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету биылғы телекоммуникация саласындағы негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.
Ал 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланған.
Бұл үшін 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату көзделген, – деді Жаслан Мәдиев.
Тағы оқи отырыңыз: 3,2 млн өтініш AI көмегімен өңделді: Қазақстанда 150 қызмет цифрланады