Асқар Жұмағалиев ауылдарды интернетпен қамту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шалғай ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жоба "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, телекоммуникация операторлары мемлекеттік-жеке серіктестік туралы шартқа 2018 жылдың қазан айында қол қойған. Шартқа қатысушылар 1250 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуға міндеттелді, бұл 3718 әлеуметтік нысанды, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік органдарды жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, биыл бүкіл ел бойынша 685 ауылды қамту жоспарланған. Павлодар облысы бойынша бүгінгі күні 9 ауылдық елді мекеннің 36 мекемесі, оның ішінде мектептер, ауруханалар, әкімдіктер сапалы интернетпен қамтамасыз етілген.
"Республиканың ауылдық елді мекендерін кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жобасы өз кезегінде, ауқымды және бірегей жоба болып табылады. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ауылдарға жүргізіліп жатқан телекоммуникация инфрақұрылымы шалғайда орналасқан елді мекендердегі әлеуметтік сала объектілерін, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, цифрлық қызметтер мен сервистерді енгізу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салаларды дамыту есебінен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етеді", - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев Шақат ауылындағы орта мектепте жүргізілген жұмыс нәтижелерімен танысу барысында.
Сонымен қатар, өзінің жұмыс сапары аясында Асқар Жұмағалиев "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына және аймақта орналасқан ірі кәсіпорындарға: "Павлодар мұнайхимия зауыты" ЖШС, "Гиссенхаус" ЖШС, Екібастұз қаласындағы "Проммашкомплект" ЖШС барып, жұмыстарымен танысты. Бұл кәсіпорындарда цифрлық технологиялар, атап айтқанда, экономикалық тиімділікке қол жеткізуге және өндірісті оңтайландыруға мүмкіндік беретін технологиялық және бизнес-процестерді автоматтандыру, технологиялық процеске біріктірілген инновациялық шешімдерді қабылдау белсенді түрде қолға алынған.
Білім беру саласын цифрландыру деңгейін павлодарлықтар министрге "Жас Дарын"мамандандырылған мектебінің мысалында көрсетті.
Сонымен қатар, цифрлық ведомство басшысы "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ мемлекеттік корпорациясы филиалының - Халыққа қызмет көрсету орталығы мен көші-қон қызметі орталығының жұмысына ерекше назар аударды. ХҚКО-ның жабдықталуын қарап шығып, өңірлік филиалдағы әріптестерімен әңгімелесті. Сондай-ақ, ұзын-сонар кезектердің туындауына жол бермеу және ХҚКО мамандарының сапалы әрі тез қызмет көрсетуі бойынша қолға алынған шаралардың тиімділігін бағалады.