Ауылдардағы жайылым проблемасы қалай шешіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Жанболат Жүргенбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінен жайылымдық жерлердің мәселелеріне қатысты сұрады.

Ауыл тұрғындарының жеке малын ұстау үшін жайылым тапшылығын шешу бойынша қандай нақты шаралар қабылданады? – деп сұрақ қойды депутат.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов сенатордың сұрағына былай деп жауап берді.

Өкінішке қарай, жайылымдық жерлер бойынша проблема бар. 2021 жылы жайылым жерлердің көлемі 21 млн гектарға жеткені анықталды. Бүгінде осы 21 млн гектардың 14,2 млн гектары тапшы болып тұр. Алдыңғы жылы 6,8 млн гектар жер бойынша әкімдіктермен тікелей жұмыс жүргізіліп, жайылымға берілген болатын, - деді ол.

Айтуынша, жайылымдық жерлер, ауылшаруашылығы жерлерін игеру де проблема тудырып отыр. Цифрлық технологияларды қолдана отырып, яғни космомониторинг, цифрлы мониторинг арқылы игерілмеген біршама жерді анықтадық.

Соңғы үш жылдың ішінде 8,1 млн гектар жердің игерілмегені, пайдаланылмай жатқанына қатысты дәлел болған. Олардың 3,4 млн гектар жерін алдыңғы иелері қайта игере бастады. Ол министрліктің бақылауында тұр. 2,1 млн гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. 2,6 млн гектар бойынша сотқа дейінгі іс-шаралар өтіп, мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп жауап берді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов  депутаттың сұрағына.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы