Ауылдарда мобильді қоғамдық кеңістіктер ұйымдастырылады

Мобильді қоғамдық кеңістіктер Түркістан, Атырау облыстарының ауылдарында, сондай-ақ Алматы қаласының маңындағы аудандарда жұмыс істемек деп, хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жастар кеңесітігі» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба шеңберінде «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ мобильді қоғамдық кеңістіктерді құрады, отбасылық-танымдық демалысты ұйымдастырып, дәріптейді.

Жоба аясында біз ауыл жастарына ерекше көңіл бөлеміз. Жастардың облыс орталықтарына жетуіне қиындық келтірмеу үшін біздің жаттықтырушылар өңірлерді өздері аралайтын болады. Ауылдарда біз жастарды бағдарламалау, мобилография, СММ, актерлік шеберлік сияқты сұранысқа ие мамандықтарға, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына оқытамыз. Жалпылай алғанда, Түркістан және Атырау облыстарына қарасты 10 ауылдың 200 – ден астам жас тұрғынын оқыту курстарымен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді жоба жетекшісі Ербол Кеңгербаев.

Оның айтуынша, қысқа мерзімді оқыту курстарынан алғашқы болып Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылының жастары өтеді. Мұнда мобильді қоғамдық кеңістіктер 1-3 шілде аралығында жұмыс істейді.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, отбасылық мәдени демалысты насихаттау мақсатында қоғам белсенділері балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер ұйымдастыруға ниетті.

Біз ескі отбасылық дәстүрлерді жандандырғымыз келеді. Біз барлық отбасы мүшелерін аулаларды абаттандыру, құс үйлерін орнату сияқты іс-шараларға қатыстырмақпыз. Уақытты осылайша бірлесе өткізу отбасы институтын дамытуға жағымды әсер етеді, экологиялық тұрғыда хабардарлықты арттырады, отбасылық-мәдени демалыстың дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Сондай – ақ, біз «Музейдегі түн», кино кештері сияқты іс-шараларды өткіземіз, сыни ойлауды дамыту мақсатында пікірсайыс үйірмелерін, қаржылық сауаттылықты арттыру және «Бизнес жастық» әлеуметтік бейімделу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырамыз, – деді Ербол Кеңгербаев.

Айта кетейік, «Жастар кеңестігі» жобасы 2024 жылдың соңында аяқталады. Жоба туралы толық ақпарат пен жаттықтырушылардың кестесі «Jastar.Kenistigi» Instagram-парақшасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы