Ауылдарда ескі жигули мен москвичтер әлі күнге дейін бар – вице-министр
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексінде ескі көліктерге салынатын салық неге төмендетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауылдарда жүздеген мың ескі транспорт бар. 20 жыл, 25 жыл болған ескі жигули мен москвичтер әлі күнге дейін жүр. Көбі оларды такси ретінде қолданып, табыс тауып жүр. Мысалы, оларды ескі үйге салыстырып көрейік. Ескі үйдің де бағасы төмен ғой... Сондықтан салық салынар кезде базасына қарайды. Құны, жылы ескеріледі. Сол себепті ескі көліктерге төмендетілген салық саламыз, - деді вице-министр Мәжілісте.
Біржанов ескі көлігі жүрмей тұрса да, оған жыл сайын 10 мың теңгеден салық төлей беру көлік иесінің қалтасына ауыр болатынын мысалға келтірді.
Вице-министр елдімекендерді аралағанда тұрғындар осындай өтініш айтқан. Сол себепті Салық кодексіне ескі көліктердің салығын төмендету бойынша өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.
Бұған дейін ескі көліктерге салынатын салықты қысқарту туралы сөз қозғалған болатын.