Бір ауыл мектебі Қазақстандағы білім сапасын қалай өзгертіп жатыр
Ауыл мектебінің шынайы өмірінен фоторепортаж
Түркістан облысы Сауран ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп – ауылдағы білім беру жүйесінің маңызды буыны. Бұл білім ордасында оқушыларға сапалы білім беру, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, сондай-ақ дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. BAQ.KZ тілшісі ауыл мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Ы. Алтынсарин атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп 2013 жылы берілген. Жалпы саны 150 балаға арналған. Қазір білім ордасында 137 бала оқиды. Оларға 40 мұғалім білім береді. Ал кіші қызметкерлер саны 18.
Мектеп директоры Балжан Сұлтанның айтуынша, бүгінгі таңда ауыл мектебінің миссиясы бұрынғыдан да кеңейіп отыр.
Бүгінгі таңда ауыл мектебінің алдында тұрған ең басты міндет – ауыл баласына сапалы, бәсекеге қабілетті білім беру арқылы оның әлеуметтік лифтіне айналу. Біздің мақсатымыз – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жойып, шәкірттеріміздің кез келген ортада өзін еркін сезінуіне, заманауи технологияларды меңгеруіне және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне жағдай жасау, – дейді мектеп басшысы.
Оның айтуынша, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеялары бүгін де өзектілігін жоғалтпаған.
Ыбырай Алтынсарин бабамыздың “Кел, балалар, оқылық!” деген ұлы ұраны бүгінде “сапалы білім мен саналы тәрбие” деген жаңа мазмұнмен толығып отыр, – дейді ол.
Ауыл мектебі – тек білім ордасы емес
Қазіргі білім беру жүйесінде ауыл мектебі тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар ауылдың интеллектуалды және мәдени орталығы болып саналады.
Қазіргі жүйеде ауыл мектебі тек білім беретін мекеме емес, ол – ауылдың интеллектуалды және мәдени орталығы, – дейді Балжан Сұлтан.
Оның сөзінше, ауыл мектебі бірнеше маңызды функцияны қатар атқарады.
Ауыл мектебі – қазақы болмыстың, тіліміз бен діліміздің, салт-дәстүріміздің қайнар көзі. Біз жаһандану заманында өзіндік бет-бейнесін жоғалтпаған ұлтжанды тұлға тәрбиелеудің негізгі ошағымыз, – дейді директор.
Сонымен қатар ол ауыл мектептерінің елдің адами капиталын қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, елдің болашағы – білімді жастардың қолында. Ауыл мектептері еліміздегі оқушылардың қомақты бөлігін қамтитындықтан, біз мемлекеттің адами капиталын қалыптастыруда стратегиялық рөл атқарамыз, – деді ол.
Тағы бір маңызды аспект – ауылдың тұрақтылығы.
Мектебі бар ауылдың болашағы бар. Біз ауылдың әлеуметтік тұрақтылығын сақтап, жастардың туған жерінде қалып, оны көркейтуіне ықпал ететін негізгі институтпыз, – дейді мектеп басшысы.
Білім сапасын арттыру: жүйелі жұмыс
Мектепте білім сапасын арттыру бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мектеп басшысы ретінде білім сапасын көтеру бағытында нақты және жүйелі жұмыстарды атқарып жатырмын, – дейді директор.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты назар – мұғалімдердің біліктілігін арттыру.
Білім сапасының тірегі – білікті ұстаз. Осы мақсатта біздің ұстаздар қауымы “Өрлеу” біліктілікті арттыру курстарынан 100 пайыз толық өтті, – дейді ол.
Сонымен қатар мұғалімдер заманауи технологияларды меңгерген.
Жасанды интеллект курстарынан 100 пайыз өтіп, заманауи технологияларды сабақ беру үдерісіне тиімді енгізу дағдыларын меңгерді. Бұл мұғалімдердің оқыту әдістемесін жаңа деңгейге көтерді, – дейді Балжан Сұлтан.
Цифрлық платформалар да кеңінен қолданылады.
Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру және білімді бекіту үшін “Білімкласс” платформасын қолданамыз. Ал “Ұстаз” платформасы мұғалімдердің аттестаттаудан өтуіне және әдістемелік шеберлігін шыңдауына негізгі құрал болып отыр, – дейді ол.
Мектепте әр оқушының білім деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Біз әр оқушының білім деңгейіне жүйелі талдау жасап отырамыз, – дейді директор.
Бұл жұмыстар нақты нәтиже берген.
Былтырғы түлектеріміздің 100 пайыз грант иегері атануы және “Алтын белгі” мен “Үздік аттестат” иегерлерінің шығуы – осы нақты жүргізілген мониторинг пен ұстаздардың кәсіби қабілетінің тікелей нәтижесі, – дейді ол.
Мектеп заманауи талаптарға сай толықтай интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар білім ордасының кітапхана қоры да бай – мұнда 10 мыңнан астам кітап жинақталған, бұл оқушылардың білімін тереңдетіп, оқу мәдениетін қалыптастыруға кең мүмкіндік береді.
Ауыл оқушылары қандай жетістікке жетіп жүр?
Мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Қазіргі ауыл балаларының білімге деген қызығушылығы өте жоғары және олар заманауи ақпараттық технологияларды меңгеруге өте құштар, – дейді директор.
Оның айтуынша, мектеп түлектерінің 87 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған.
Бұл ауыл баласының білімге деген зор ынтасы мен қабілетінің нақты көрсеткіші, — дейді ол.
Жеке жетістіктер де аз емес.
Сапарғали Шапағат пен Абдимомынбаева Айша “Алтын белгі” иегерлері атанды. Фазыл Медет, Сұлтанхан Айша және Сапарали Нұрасыл мектепті “Үздік аттестатпен” тәмамдады, – дейді директор.
Сонымен қатар оқушылар халықаралық және облыстық деңгейде де табысқа жетіп жүр.
Орынбасар Мұхаммед халықаралық өнер фестивалінің Бас жүлде иегері атанды. Ал 10-сынып оқушысы Әдешова Ағила география пәнінен облыстық олимпиадада І орын иеленді, – дейді ол.
Аудандық олимпиадаларда да оқушылар белсенді. Бастауыш сынып оқушылары да ерекше белсенділік танытып келеді.
Біздің бастауыш сынып оқушыларымыз “Абай оқулары” мен “Ілияс оқуларында” І дәрежелі дипломдар иеленіп жүр. Қазіргі ауыл баласы – мүмкіндікті мүлт жібермейтін, мақсаты айқын, білімге құштар тұлға, – деп түйіндеді директор.
"Мектепте балалар үйде жоқ тамақты ішеді"
Асханада күніне 62 бала тамақтанады. Оқушылар екі ауысыммен, үлкен үзіліс кезінде тамақ ішеді. Бір мезетте шамамен 40-қа жуық бала асханаға сыяды.
Аспаз Перизат Сәрсенованың айтуынша, балаларға арналған мәзір бекітілген талаптарға сәйкес жасалады. Тамақтану құны оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты белгіленеді. Мысалы жоғары жастағы балалар үшін бір күндік тамақ бағасы шамамен 726 теңге.
Өнімдер арнайы жеткізушілер арқылы әкелінеді. Жабдықтар да кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Соңғы уақытта асханаға жаңа тоңазытқыш, мұздатқыш және басқа да қажетті құралдар берілген.
Біз балалардың талғамына қарай бейімделуге тырысамыз, – дейді ол.
Асханада көбіне компот беріледі. Ол кептірілген жемістерден, жаңа піскен жемістерден немесе лимон қосылып дайындалады. Ал шай мен сүт сирек ұсынылады. Кей жағдайда балалардың сұранысы бойынша мәзірге өзгеріс енгізіледі.
Балалар кейде шай сұрайды. Ондай кезде бір күн болса да өзгеріс енгізіп, шай беріп жатамыз, – дейді аспаз.
Перизат Сәрсенова бұл салада үшінші жыл жұмыс істеп келеді. Ол балаларға тек тамақ беріп қана қоймай, пайдалы тағам туралы түсіндіріп отыратынын айтады.
Тамақ берген кезде оның құрамындағы витаминдерді айтып түсіндіремін. Балаларға қол жуу, дұрыс тамақтану туралы да үнемі ескертіп отырамын, – дейді ол.
Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушылары (1–4 сынып) тегін тамақпен қамтылған.
Мектеп-ата-ана-бала үштігі қалай жұмыс істейді?
Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысқа ерекше көңіл бөлінеді.
Ата-аналармен байланыс – мектеп жұмысының ажырамас бөлігі. Ұрпақ тәрбиесі – ортақ іс, — дейді директор.
Бұл бағытта бірнеше жоба іске асырылған.
“Даналық мектебі”, “Әкелер мектебі”, “Аналар мектебі” жобалары арқылы ата-аналарды оқу үдерісіне тарттық, — дейді ол.
Сонымен қатар ашықтық қағидасы сақталады.
Ата-аналар үшін “Ашық есік” күндерін өткіземіз. Олар мектеп өміріне белсенді қатысады, — дейді директор.
Мектеп басшысы болашақта білім ордасын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.
Мен мектебімізді “Үш тұғырлы интеллектуалдық орталық” ретінде елестетемін, — дейді Балжан Сұлтан.
Оның айтуынша, бұл мектеп пен ата-ананың бірлігі, цифрлық технологиялар, ұлттық тәрбие негізінде жүзеге асады.
Мектебіміз заманауи технологиялармен толық жабдықталған, ұлттық рухы биік тұлғалар тәрбиелейтін орталық болады, — дейді ол.
Сөз соңында директор мектептің бүгінгі жетістігі — бұл ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы ғана екенін атап өтті.