Ауылдан арманға: Дарынды 110 ауыл оқушысы анықталды
Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 824 оқушының арасынан 110 оқушы IQanat республикалық олимпиадасының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
22 маусым күні 800-ден аса білімді оқушының басын біріктірген IQanat республикалық олимпиадасының финалы өтті.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаз ауыл оқушыларының аты-жөні жеке-жеке аталып, сертификат табысталды.
Салтанатты рәсім өте әсерлі өтті. Жеңімпаз оқушылар көз жастары мен эмоцияларын жасыра алмады. Грантқа ие болған оқушылар алдымен ата-аналарына алғыс айтып жатты.
110-ыншы жолдама иегері Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Ержігіт Құттыбекке сертификатты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тарту етті.
Өте керемет сезім. Ең соңы болдым ғой. Осы уақытқа дейін күтіп отырдым. Үмітім қалмап еді. Рахмет сіздерге, - деді түркістандық оқушы.
Енді ауылдан шыққан 110 бала Бурабайда орналасқан мектепте білім алады.
Ең алғаш IQanat қоры 3 қамқоршыдан басталған. Ал бүгінгі күні олардың саны 130-дан асты.
Шығыс Қазақстан облысының қамқоршысы Айдын Рахымбаев қорға қолдау көрсетіп жүрген әріптестеріне алғыс білдірді.
Бүгін осы залға жиналған қамқоршыларға, менторлар мен мұғалімдерге алғыс айтқым келеді. Мұғалімдердің еңбегі ерен. Себебі ауыл оқушыларын ынталандыру өте қиын. Сондай-ақ балаларға сәттілік тілеймін. 824 бала жиналып отыр. Бірақ 110 бала ғана “алтын” билетін алады. Десе де қалған 700-ден аса бала да жеңімпаз. Себебі сіздер осы жерде отырсыздар. Бағдарламаға қатысуды жалғастыра бересіздер. Сіздер мектепке келіп, тәжірибе шыңдай аласыздар, - деді Рахымбаев.
Сонымен қатар Жамбыл облысының қамқоршысы Қанат Көпбаев та олимпиадаға қатысқан оқушыларға ризашылығын білдірді.
Балаларға айтарым, армандау керек, сонда ғана оған жетесіңдер. Осында отырған оқушылар шетелде білім алатын болса, Қазақстанға қайта оралатындарына сенімдімін. Себебі бұл балалар еліміздің болашағы, - деп айтты ол.
“Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорының директоры Альфия Әдиева жобаға сәттілік тіледі.
Қазақтың бес арысының ұрпаққа қалдырған аманаты бар. Ол - білім. Осы білім деген үлкен теңізге аяқ басып жатсыздар.
IQanat - ауыл балаларына арналған қазақстандық кәсіпкерлердің білім беру жобасы. Қор жыл сайын балаларға арналған көптеген жобаға қолдау көрсетеді. Былтырдан бері елімізде 73 мың балаға көмек бердік, - деді қор директоры.
Олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Түркістан облысы Түлкібас ауданы Жиенбай ауылының тұрғыны Нұрасыл Шәріптің әсерлі ролигі ұсынылды.
Нұрасыл Шәріп IQanat олимпиадасының 2022 жылғы жеңімпазы.
Отбасымда 9 адам бар - әкем, анам, мен және өзімнен кейінгі алты бауырым. Күнде кешке өрістен келетін сиырлар мен қойларға қарап, жем-шөбін береміз. Ауылымыз өте кішкентай. Ауылдағы Жиенбай атындағы орта мектепте оқимын. Ұстаздарым өте тәжірибелі, бар білгендерін үйретіп келді. Бірақ қаламен салыстырғанда мүмкіндіктеріміз аз, - деді оқушы.
Нұрасыл болашақта оқушыларға қолдау көрсететін кәсіпкер болғысы келетінін айтты.
Олимпиада осымен қатарынан алтыншы жыл өткізіліп отыр. Осы жылдар ішінде олимпиадаға 160 мыңнан астам ауыл баласы қатысты. Оның 350-і IQanat мектебін тәмамдады. Қазіргі таңда мектептің түлектері әлемнің 15 елінде білім алып жатыр.
2022-23 оқу жылының олимпиадасы 8-сынып ауыл оқушылары арасында 3 кезеңде өткізілді. 2022 жылғы 31 қазан мен 17 қараша аралығындағы 1-кезеңге еліміздің ауыл мектептерінен 37 692 оқушы, 17-22 наурыз аралығында өткен 2-кезеңге 7,7 мыңнан астам бала қатысты. Ал 3-кезең – 18 маусымда Астанада 824 ауыл оқушысының жинаған IQanat олимпиадасы финалистерінің республикалық слеты өтті.