Ауылдағы зейнеткерлердің зейнетақысы өсе ме
Елімізде ауылда тұратын зейнеткерлердің зейнетақысы көбейе ме? Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттың ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауылда тұратын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтуді ұсынған болатын.
Премьер-министр депутатқа берген ресми жауабында елімізде зейнетақы барлық азаматқа бірдей жүйемен төленетінін айтты.
Елімізде зейнетақымен қамтамасыз ету Әлеуметтік кодекске сәйкес жүзеге асырылады. Зейнетақы үш бөліктен тұрады (ынтымақты, жинақтаушы, базалық) және әрбір азаматтың еңбек өтіліне негізделген. Еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады, - деді Олжас Бектенов.
Яғни зейнетақы төлемдерінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тікелей байланысты.
Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтау кезінде азаматтардың тұрғылықты жері, қызмет түрі т.б. критерийлері ескерілмейді, - делінген Бектеновтің жауабында.
Сөзінше, бұл ұстаным конституциялық нормалар мен халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
2028 жылға дейін қазақстандық әйелдер 61 жаста, ер адамдар 63 жаста зейнетке шығады.
Айта кетейік, республикалық бюджет 2025 жылдан бастап зейнетақыны ұлғайтуды жоспарлап отыр. Базалық зейнетақы төлемдері ұлғайтылады.
- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 62 771 теңге (қазір 57 853 теңге);
- базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 32 360 теңге (қазір 28 215 теңге).
Бұл ретте жасы мен еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.