22 Қазан 2026, 17:55 Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Ауылдағы шебердің бұйымы әлемге жол тартады: Қазақстанда «Sheber» платформасы іске қосылды

Қазақстанда қолөнершілердің бұйымдарын нарыққа шығаруға арналған «Sheber» цифрлық платформасы таныстырылды.

Қазақстанда ұлттық қолөнер бұйымдарын сатуға және шеберлерді сатып алушылармен байланыстыруға арналған «Sheber» цифрлық платформасы таныстырылды. Жаңа маркетплейс қолөнершілерге жеке онлайн дүкен ашып, өнімдерін кең аудиторияға ұсынуға, төлем қабылдап, тауарларын жеткізуге мүмкіндік береді. BAQ.KZ тілшісі платформаның жұмысымен танысып, оның мүмкіндіктерін, ұлттық қолөнер бұйымдарын және шеберлердің пікірін назарға ұсынады. Толығырақ фоторепортажда.

Платформаның басты мақсаты – өңірлер мен шағын елді мекендердегі шеберлердің еңбегін үлкен нарыққа шығару, ұлттық өнерді сақтау және оны әлемге таныту.

Астанада өткен таныстырылымға мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік саласының өкілдері мен қолөнер шеберлері қатысты. Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен іске асырылып жатыр.

Ұлттық өнерге жаңа мүмкіндік

Қазақтың қолөнері – тек тұрмыстық бұйым жасау емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұра. Алаша мен бау-басқұр, зергерлік бұйымдар, теріден жасалған өнімдер мен керамикада халықтың тарихы, талғамы және дүниетанымы көрініс табады. Алайда осындай бұйымдарды қолмен жасап жүрген шеберлердің барлығы бірдей өз өнімін тұрақты сатып алушыға ұсына алмайды.

Әсіресе ауылда немесе шағын қалада тұратын қолөнершілер үшін өнімді үлкен нарыққа шығару, жеткізуді ұйымдастыру және төлем қабылдау оңай емес. Жаңа цифрлық платформаны әзірлеуге де осы мәселе түрткі болған.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Қазақстанда қолөнермен айналысатын адамдар аз емес. Бірақ олардың алдында тұрған негізгі кедергілердің бірі – өз өнімдерін ірі қалалардағы сатып алушыларға жеткізу және нарыққа шығару.

Қазір Қазақстанда шеберлер аз емес. Алайда олардың алдында тұрған басты мәселе – үлкен нарыққа шығу. Осы бағытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке бизнеспен бірлесіп, жаңа платформаны іске қосып отыр. Ол шеберлерге өз өнімдерін тіркеп, кеңірек нарыққа ұсынуға мүмкіндік береді, – деді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, платформаны әзірлеу кезінде екі маңызды мәселені шешуге басымдық берілген. Біріншісі – тауарды сатып алушыға жеткізу, екіншісі – сатылымнан түскен қаражатты шебердің есепшотына аудару. Осы қызметтерді бір жүйеге біріктіру арқылы қолөнершілердің өнім өткізу үдерісін жеңілдету көзделген.

Қанат Шарлапаев жобаның бастапқы кезеңінде Алматы қаласы мен Алматы облысына басымдық берілетінін айтты. Кейін платформаны Қазақстанның басқа өңірлеріне таратып, отандық шеберлердің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару жоспарланып отыр.

Шеберге жеке онлайн дүкен ашылады

«Sheber» – ұлттық қолөнер бұйымдарына арналған маркетплейс. Қосымшада әр шебердің жеке парақшасы болады. Онда оның өнімдері, бұйымдардың фотосуреттері, сипаттамасы мен бағасы көрсетіледі. Сатып алушы өзіне қажет затты таңдап, тапсырыс беріп, төлемді онлайн жасай алады.

Жобаның IT бағытын әзірлеуге қатысқан компания өкілі Наджибула Ғабиболлаұлының айтуынша, қосымшаны жасау кезінде шеберлер үшін өнімдерді орналастыру мүмкіндігін барынша жеңілдетуге көңіл бөлінген.

Платформада жасанды интеллект мүмкіндіктері де қарастырылған. Оның көмегімен шеберлер тауар сипаттамасын дайындап, өнім туралы ақпаратты өңдеп, фотосуреттері мен бейнематериалдарын түзете алады. Бұл әсіресе цифрлық құралдарды пайдалану тәжірибесі аз кәсіпкерлер үшін пайдалы болуы мүмкін.

Сонымен қатар қосымшада тауарларды іздеуді жеңілдететін функциялар бар. Мысалы, пайдаланушы жақынына немесе шетелден келген қонаққа сыйлық іздегенде, өзіне қажетті бұйымды таңдай алады.

Бастапқы кезден-ақ біз шеберлерге маркетплейсті пайдалануды ыңғайлы етуді мақсат еттік. Әрқайсысына жеке кабинет ұсынып, тауарды оңай қосу, сипаттамасын өңдеу және фотосуреттермен жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырдық, – деді Наджибула Ғабиболлаұлы.

Оның айтуынша, платформада әзірге 100-ден астам шебердің өнімдері орналастырылған. Жоба командасы алдағы уақытта олардың қатарын көбейтіп, Қазақстанның әр өңіріндегі қолөнершілерді тартуды көздейді.

Қосымша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Бұл отандық сатып алушылармен қатар, Қазақстанның ұлттық бұйымдарына қызығатын шетелдік аудиторияға да жол ашуға мүмкіндік береді.

Жеткізу мен төлем бір жүйеде

Онлайн саудада өнімді көрсету ғана жеткіліксіз. Сатып алушы тауарға тапсырыс бергеннен кейін оны уақытында алып, төлемді қауіпсіз жасауы керек. Сондықтан «Sheber» платформасында логистика мен төлем жүйелерін біріктіруге ерекше мән берілген.

Жеткізу бойынша серіктес ретінде «Қазпошта» таңдалған. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, пошта бөлімшелерінің қалалар мен аудандарда кең таралуы шеберлердің өнімдерін сатып алушыларға жеткізуді қолайлы етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, ауылда тұратын шебер өз бұйымын интернетке орналастырып қана қоймай, тапсырысты қабылдап, сатып алушыға жеткізу тетігін де пайдалана алады.

Қанат Шарлапаевтың сөзінше, платформаны әзірлеуге PanaAegis Group және басқа серіктестер де атсалысқан. Жобаның келесі кезеңінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік палаталар арқылы шеберлерді тіркеуге және олардың өнімдерін танытуға қолдау көрсетпек.

«Шебердің еңбегі лайықты бағалануы керек»

Таныстырылымда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова ұлттық қолөнердің мәдени маңызына тоқталды. Оның айтуынша, атадан қалған өнерді сақтау ғана емес, шеберлердің еңбегін бағалап, бұйымдарын сатып алушыға жеткізу де маңызды.

Ол әжеден қалған бұйымдардың, анадан мұра болған әшекейлердің адам үшін ерекше құндылығы бар екенін атап өтті. Өйткені мұндай заттарда жақын адамдардың естелігі мен ұрпақ сабақтастығы сақталады.

Әсел Жанасованың сөзінше, қолөнер шеберлері өз еңбегіне көп уақыт пен төзім жұмсайды. Бір бұйымның артында отбасын асырау, кәсіби тәжірибе, шәкірт тәрбиелеу және ұлттық дәстүрді жалғастыру секілді маңызды міндеттер тұруы мүмкін.

Шебердің еңбегі лайықты бағаланып, жасаған бұйымы өз сатып алушысын табуы керек, – деді ол.

Оның пікірінше, ұлттық қолөнерді әлемге таныту Қазақстанның мәдениеті мен тарихын таныстыруға да ықпал етеді. Егер шетелдік қонақтар мен халықаралық сатып алушылар отандық шеберлердің өнімдерін оңай тауып, тапсырыс бере алса, бұл ұлттық бұйымдарға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін.

Әсел Жанасова шеберлердің еңбегі нақты табысқа, жаңа жұмыс орындарына және шәкірт тәрбиелейтін шеберханалардың дамуына ұласуы керегін айтты. Сондықтан мұндай бастамалардың нәтижесі тек цифрлық платформаның іске қосылуымен емес, қолөнершілердің кәсібіне қаншалықты пайда әкелетінімен де өлшенбек.

 «Өнеріміз ұрпаққа жетсе деймін»

«Sheber» платформасының мүмкіндігін қолөнермен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан шеберлердің бірі – Алматы қаласының тұрғыны, 75 жастағы Гүлзира Сәрсенбаева да жоғары бағалады.

Ол бала кезінен қазақтың дәстүрлі қолөнерін үйреніп, алаша, бау-басқұр, шашақ, терме тоқумен айналысады. Сонымен қатар түрлі сөмке, панно және кәдесый бұйымдарын жасайды. Өзінің айтуынша, бұл өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізу – оның басты мақсаттарының бірі.

Мұны бала кезімде, 12-13 жасымда әжелерден үйрендім. Енді келесі ұрпаққа жеткізгім келеді. Жастар да осы өнермен айналысса, ұлттық қолөнеріміз жоғалмай, сақталып қалса деймін. Бұл – біздің мәдениетіміз, ұлттық болмысымыз, – дейді Гүлзира Сәрсенбаева.

Шебердің сөзінше, қолөнер бұйымдары қазақ халқының ерекшелігін танытады. Сондықтан оларды тек Қазақстан ішінде емес, шетелде де таныстыру қажет. Ал цифрлық платформа осы мақсатқа жетуге мүмкіндік береді.

Бұл платформа бізге өз бұйымдарымызды тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Біз ұйымдастырушыларға осындай бастама үшін алғыс айтамыз. Өз кезегімізде платформаны қолдан жасалған, нағыз қазақстандық бұйымдармен толықтыруға тырысамыз, – деді ол.

Ұлттық қолөнерден креативті экономикаға дейін

«Sheber» платформасының іске қосылуы дәстүрлі өнер мен цифрлық технологияны ұштастыруға бағытталған. Бір жағынан, ол қолөнершілерге өз өнімдерін нарыққа шығаруға көмектессе, екінші жағынан, ұлттық мәдени мұраны кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

Жобаның келесі кезеңінде Қазақстанның басқа өңірлеріндегі шеберлерді тарту, платформаның ассортиментін кеңейту және отандық бұйымдарды халықаралық нарыққа шығару көзделіп отыр. Бұған қоса, кәсіпкерлер палаталары мен серіктестердің қолдауы арқылы шеберлердің өнімдерін ілгерілету жұмыстары жалғасады.