"Ауылдағы пошташының айлығы – 30 мың теңге". Мақсат Толықбай сын айтты

Депутат Мақсат Толықбай Мәжілістегі комитет отырысында «Қазпошта» АҚ-да жұмыс істейтін пошташыларының жалақысын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ауылдарға газет-журнал уақытылы жеткізілмейді.

«Қазпошта» – бізде жалғыз монополия болып отыр. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» демекші, бәсекелес те жоқ, ауыл мен ауданда жүретін жалғыз монополия. Газет-журналдарға қатысты сұрақ бар, көп жағдайда ауылдарға газет уақытылы жетпейді. Ақшасы төленген соң, келуі керек қой. Газетті жеткізу бойынша мемлекеттік тапсырма бар, субсидия беріп жатыр. Бірақ газет жеткізетін, поштада істейтін маман табу қиын. Пошташылардың орташа жалақысы 140-146 мың теңге деп айттыңыз. Еліміздің шығысына жаңа ғана хабарластым, қанша аласыңдар десем, 30 мың аламыз дейді. Газет таратамыз, зейнетақы береміз, қосымша жеткізулер болады дейді. Бірақ айлығы 30 мың теңге, ол шайлығына да жетпейді. Бірақ компанияның табысы 8 айда 58 млрд теңге дедіңіздер. Сол тапқан табыс қайда кетіп жатыр? «Самұрық-Қазынаға» қайтарып бересіздер ме?, - деді мәжілісмен.

Бұл сұраққа «Қазпошта» АҚ төрағасы Әсел Жанасова жауап берді.

Ауылдарда пошташылар бұйрық бойынша аптасына екі рет шығады. Аптасына екі сағат жұмыс істейді. Біздің төлем сағатына төленеді. Барлығын таратып беріп, сол үшін ақшасын алады. 146 мың алатын қызметкерлер 9-дан 6-ға дейін жұмыс істейтін адамдар. Ауылдарда пошташылар екі сағат қана жұмыс істейді. Сол үшін жалақы осындай болып отыр. Осы жылы жалақыны 25 пайызға көтеру үшін қосымша 2 млрд теңге керек. Ол ақшаны қайдан аламыз? Мемлекет бізге ол ақшаны бермейді. Біз сервистерді дамытып оны өзіміз табамыз, - деп жауап берді Әсел Жанасова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы