Ауылдағы дене шынықтыру мұғалімдеріне 100% қосымша ақы төленеді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мектептерде спорт секцияларын ұйымдастыру және жүргізу үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы белгіленетінін жеткізді.

Спорт саласында бүгінгі күні ауылдық елді мекендерде 24 мыңға жуық спорт ғимараты жұмыс істейді.

2021 жылдан бастап алғаш рет мемлекеттік спорттық тапсырыс енгізіледі. Нәтижесінде 2025 жылы спорт секцияларының саны 128 100-ге, оның ішінде ауылда – 66,5 мыңға дейін жеткізіледі.

 

Спорт резервін даярлау, жас атлеттердің спорт шеберлігін арттыруға қол жеткізу үшін 2025 жылы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 270-ке, балалар-жасөспірімдер клубы 142-ге, балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлығы клубы 55-ке дейін жеткізіледі, - деді министр.
 

Сонымен қатар министрлік әрбір ауылдық округтегі штаттық спорт нұсқаушыларының санын ұлғайту және олардың санын 2025 жылы 3 561 адамға дейін жеткізу бойынша шаралар қабылдайды. 

Мектептерде спорт секцияларын ұйымдастыру және жүргізу үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы белгілеу көзделген. Сондай-ақ жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 2 есеге арттырылады, - деп айтты Мәдениет және спорт министрі Үкіметте. 

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында мәдениет және спорт салаларының жас мамандары ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тартылады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.

Райымқұлованың сөзінше, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 2025 жылы ауылдық елді мекен тұрғындарының 42%-ын дене шынықтыру және спортпен қамту жоспарланып отыр.

 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы