"Ауылда неге қоқыс төгетін жер жоқ" - Экология министрі түсіндірді
Еліміздің ауылдық жерлерінде қоқыс полигондары мүлдем жоқ. Бұл мәселені Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде депуатат Нұргүл Тау көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа:
Көктемде су тасқыны болған кезде Ақмола облысының аймағын аралап шықтық. Сол кезде қай ауылға барсақ та, қоқыстың көбейгенін көрдік. Сонда халықтан "неге қоқыс төге бересіздер" деп сұрадық. Себебі, оларда төгетін полигон жоқ екен. Бүкіл Ақмола мен Алматы облысы маңайында қоқыс төгетін полигон жоқ. Екіншіден, құрылыстың қалдықтары да бақыланып жатқан жоқ. Бұған бақылау бола ма?, - деп сұрақ қойды.
Нысанбаевтың сөзінше, еліміздің елді мекендеріне Қазақстан ғарыш сапары арқылы мониторинг жасалған.
Елді мекеннің маңайындағы заңсыз қоқыстың үйінділері - үлкен мәселесі. Көктемнің алғашқы күндері қар еріген соң біз Қазақстан ғарыш сапары арқылы мониторинг жасап, 2446 елді мекеннің маңайын толығымен қарап, сол жерде не барын білдік. Биылдың өзінде біз 4800-ден заңсыз қалдықтың үйінділерін координаты бойынша көріп, әкімдіктердің бәріне нұсқаулығымызды бердік. Бүгінгі таңда 51 пайызы алынды, - деді Экология министрі.
Министр жылдың аяғына дейін қоқыс шығаратын көліктерге GPS трекер орнатылатынын айтты.
Құрылыс қалдықтары өз алдына жеке мәселе. Қазір Астана қаласы бойынша пилоттық режимді жасанды интеллектіні пайдала отырып, ақпараттық жүйе жасалып жатыр. Ол бүкіл қаладағы қалдық жинайтын жерлердің бәрінде қондырғылары орнатылады. Яғни қоқыс толған алаңды анықтай алады. Екіншіден, құрылыс компанияларымен келісімшарт жасалуы керек. Жалпы мемлекет бойынша бүкіл қоқыс шығаратын компаниялардың көліктерінің бәріне жылдың аяғына дейін GPS трекер орнатылуға тиіс. Бұрын көліктер қоқысты тиеп алып, көрінген жерге төге салатын. Ал қазір арнайы белгіленген жерге апарған-апармағанын бақылай аламыз, - деді Ерлан Нұралыұлы.