Ауылда да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік көп – әкім
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. 1929 жылы құрылған Красный яр ауылы Көкшетау қаласының батыс шекарасына жақын Шағалалы өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Қазір округте 12 405 адам тұрып жатыр. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы Красный яр селолық округінің әкімі Ардақ Тасқынбай айтып берді.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдықтардың өміріне не өзгеріс әкелді? Тұрғындардың тұрмыс сапасы қаншалықты жақсарды деп ойлайсыз?
–«Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 2020 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен округте 7 жоба жүзеге асырылды. Олар көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, округтің аумағын абаттандыруға бағытталған. Асфальтбетон жабыны бар жолдарды орташа жөндеуге 609 430,5 мың теңге бөлінді. Осы жоба аясында «Көкшетаустрой» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС мердігер ұйыммен «Көкше» мәдениет үйіне 206028,0 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізді.
2020 жылға дейін көпқабатты үйлерде тұратын ауыл тұрғындары төбеден мұржа шығарып, жоғары қабаттарға шелек-шелек көмір көтеріп, пеш жағып, күлін қайтадан төменге түсіріп қиналатын. Ал бүгінде сол үйлер орталық жылу жүйелеріне қосылып, тұрғындар ризашылықтарын білдіруде.
2020 жылы республикалық және облыстық бюджеттен Красный ярда жылумен жабдықтау желілерін салуға 855 445,6 мың теңге бөлінді. ҚЖО кезеңінде 42 адам жұмыс істеп, 14 бірлік техника жұмылдырылды. 2021 жылдың басына дейін блокты-модульді қазандықта сағатына 9 гигакалорий жылу беретін 3 қазандық іске қосылды. Тиісінше, жаңа нысандарды қосу үшін қазандықтардың қуатын арттыру қажет болды. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша Красный яр ауылының БМҚ-та 4 қазандық орнатылды. Бүгінгі таңда Көкшетау қаласының құрылыс бөлімінде жаңа қазандықтың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мәселесі пысықталуда. Жоба аясында көпқабатты және жеке үйлердің аулаларында облыстық бюджеттен бөлінген 65 млн теңгеге 8 балалар алаңы салынды.
Қазіргі уақытта округте демографиялық ахуал қалай? Көшіп келушілер саны артты ма?
–2021 жылғы халық санағына сәйкес халық саны 12 405 адам. Жылдан жылға округтің халқы көбейіп келеді. 2018 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша тұрғындар саны 11 000 болған. Жыл сайын жаңа жобалар әзірленуде, Красный яр ауылы перспективалық аймаққа кіреді, даму жолына түскен ауылдар көшінде.
Отандық өнім өндіретін кәсіпорындар саны артты ма?
–Округте отандық өнім өндіретін 5 кәсіпорын – «Стерх» , «Красноярские колбасы», «Айжар» серіктестіктері, «Дядя Петя» тұшпара цехы, «Ақсай Нан Көкшетау» ЖШС ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеумен айналысады. 2021 жылы «Айдабол Көкше» ЖШС тазартылмаған күнбағыс майын өндіру жұмысын бастады. Биылдан бастап тазартылған күнбағыс майын өндіруді қолға алмақшы. Осы ұйымға 19 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз ісін ашуға бел буғандар көп пе?
– Ел ішінде еңбекке ынталы жан көп, әрі олар бастаған ісіне береке бітіріп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алып, өз жұмысын дөңгелетіп отырғандар баршылық. Өткен жылы «Бастау» гранты бойынша 3 адам 17493,00 мың тенге мөлшерінде қайтарымсыз несие алды, 4 адам мал шаруашылығын дамыту үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 16 000,00 мың тенге несие алды. Кезінде өтпелі кезеңнің қиыншылығын бастан өткергенімен, бүгінде табыстары еселеніп, ел тұрмысы жақсарып келеді. Ауылда несиенің несібесін көріп отырғандар аз емес. Кім болса да өз күшіне сенеді. Ауылда да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік көп.
Мал шаруашылығымен айналысатындар үшін табиғи өнімдерін саудалайтын орындар бар ма?
–Мал шаруашылығымен айналысатын тұлғалар үшін табиғи азық-түлік саудасы үшін округте 2021 жылы 2 ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Биыл да сапалы табиғи өнім саудалайтындар үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жалғасатын болады.
Округте жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
–Жұмыссыздар Көкшетау қаласының жұмыспен қамту орталығы арқылы жастар тәжірибесі, қоғамдық және тұрақты жұмыс бағдарламаларына қатысып жұмысқа орналасады. Красный Яр ауылдық округі бойынша 2021 жылы 24 адам қоғамдық және жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеді, осылардың арасынан 17 адам жұмыс мерзімінің соңында тұрақты жұмысқа орналасты.
Тұрғын үй құрылысының қарқыны қай деңгейде? Баспанасыздар қатары азайды ма?
–2016-2017 жылдар аралығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша 50 лет Октября көшесінде төрт көппәтерлі тұрғын-үй күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта сол 4 үйде 128 отбасы тұрады. Сондай-ақ, 2019 жылы жаңа көппәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. 2020 жылы Новоселов көшесінде бір көппәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сол үйдің жанында тағы екі көппәтерлі тұрғын үй бой көтеруде.
Ауылда мәдениет, спорт саласын дамытуға жағдай жасалған ба?
– Округте ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық секциялар жұмыс істейді. 2020 жылы мәдениет үйіне жаңарту жұмыстары жүргізілді, LED экран сатып алынды. Мәдениет үйінде хореография, вокал, тағы да басқа үйірмелер бар. 2021 жылы «Ритм» халықтық би ансамблі Ақтөбе қаласында Гран при жүлдесінің иегері болды. Өткен жылғы «Ақмола жұлдыздары» байқауында біздің мәдениет үйіміз бас жүлдеге ие болғанын ерекше атап өтуге болады.
Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жастар көбейсе, жұмыс та молаяды. Округте жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында «Диломмен–ауылға!» бағдарламасы аясында 2021 жылы Красный Яр ауылына 28 жас маман келді. Соның ішінде 16-ы білім, 5- і денсаулық сақтау, 2-і спорт саласына, 5-і Агротехникалық колледжге жұмысқа орналасты.
Жол жөндеу, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жайы қалай?
–Өткен жыл ішінде әкімдік 760 дана көлемінде ДРЛ-250 көше бағаналарының шамдарын және 124 дана көлемінде ескі шамдарды жаңа жарықдиодты шамдарға ауыстыру жұмыстарын жүргізді. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 11 000,0 мың теңге. Достық, Мир, Тәуелсіздік, Автобаза, Шахтерлер, Абай, Школьная көшелеріндегі жарық бағаналары жаңа жарықдиодты шамдарға ауыстырылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Округте 4 аялдама павильоны орнатылды. Оның ішінде 3 аялдама павильоны Нұрлы көш шағын ауданына және біреуі Сейфуллин көшесіндегі соңғы аялдамаға қойылды. 2 898,4 мың теңгеге Красный яр ауылының орталық саябағын және әкімшілік ғимаратының аумағын абаттандыру және Тәуелсіздік көшесін жарықтандыру бойынша, сондай-ақ 5 549, 8 мың теңгеге «Красный яр ауылы Желтоқсан көшесі бойында су бұру каналын салу» жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді.
2020 жылы Новоселов, 50 лет Октября көшелері бойындағы айналма жолға, Целинная, Мир көшелеріне асфальтбетон жабыны бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Округ бойынша 1 430,2 мың теңгеге Красный яр ауылында 64 жол белгісі орнатылды. 17 999,6 мың теңгеге жолдарға тегістеу жұмыстары жүргізілді. 4 055,9 мың теңгеге Мәметова және Ветлаборатория көшелерінің арасы, Киров, Сейфуллин, Садовая, Урожайная көшелерінің жолдары тегістелді. «Зеренді АЭЖ» ЖШС Мира, Целинная көшелерінің темірбетон тіректерін ауыстырды. Жоспарлы түрде және бөлінген қаражат шеңберінде округ тұрғындарының өмір сүруіне лайықты және қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жылу беруде кедергілер жоқ па?
– Бүгінгі күні жылумен жабдықтауға 77 нысан қосылған. 2019 жылы абоненттер саны 908 болса, биыл олардың саны 452-ге артты. Қазіргі уақытта барлығы 1360 абонент жылумен қамтылған.
Селодағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 8 км 900 м құрайды, оның 8 км 778 м мердігерлік ұйым салды, яғни ескі жылу трассалары жаңартылды. Бұрын қосылған 32 үй жылыту маусымы басталғанға дейін жылумен жабдықтауға қайта қосылған болатын. Бастапқыда жылумен жабдықтау жобасы Шәкеев, Симферопольская, Бейбітшілік көшелерімен 405 га аумақты қамтуға тиіс болатын. Бірақ, қолданыстағы қазандықтың қуатының жетіспеуіне байланысты жоба бойынша жылу желілерін жүргізу алаңы қысқартылды.
Ауыз сумен қамту бойынша мәселе бар ма? Ескірген су құбырлары жаңартылды ма?
–Округтің су құбыры және кәріз желілері «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК балансында тұр. Су құбыры желілерінің ұзындығы – 24,065 км. Су желілері өткізілмеген көшелер әлі де бар, бірақ округ тұрғындарының өтініштеріне байланысты өткен жылы Көкшетау қаласының әкімдігімен Красный Яр ауылының сумен жабдықтау желілерін салу және жаңарту бойынша екі жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қалалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл жобаларға сумен жабдықтаудың магистральдық желілерін қайта жаңарту енгізілген. Жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін Көкшетау қаласының әкімдігі облыстық мәслихат сессиясына құрылыс-монтаждау жұмыстарына бюджеттік өтінім береді.
Қыста қар шығару жұмыстары қалай жүруде?
–Қазіргі уақытта мердігерлік ұйыммен келісімшарт жасалды. Қар тазалау жұмыстары күделікті жүргізіледі. Былтыр Красный яр ауылы мен Чайкино поселкесіндегі тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу мақсатында 17000 текше метр қар шығарылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады. Округте күнделікті жолдарды тазалайтын 3 тиегіш және мердігерлік ұйымның 5 жұмысшысы таңғы сағат 5-6-дан бастап жұмыс атқарады. Бұл мәселе қазіргі уақытта бақылауда тұр.
Округтегі жел электр станциясын салу жобасы селоны толықтай электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін айтқан болатын мамандар. Бұл туралы не айтасыз?
–Жаңа технологияларды енгізу шеңберінде «Вичи» ЖШС қуаттылығы 3.75 мегаватт электр энергиясын өндіретін қолданыстағы 5 жел станциясына қосымша тағы 7 жел қондырғысын орнатты. Толық қуаты – 7 МВт. ЖЭС толық қуатына шыққан кезде электр энергиясын желіге жоспарланған жылдық жіберу – 20 600 000 кВт. Инвестиция көлемі – 3 450 761,4 мың теңге. Жоба «жасыл» экономика саясатына сәйкес келеді және Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына ықпал етеді. Оны іске асыру нәтижесінде атмосфераға СО2 шығарындылары азаяды деп күтілуде. Сондай-ақ, электр қуатының таусылмауы мен қолжетімділігі – желдің күшінде. Жобаны іске асыру кезінде қосымша жұмыс орындары құрылды. Қазіргі уақытта станцияға 13 адамнан тұратын персонал қызмет көрсетеді. Бұл жобаның өтелу мерзімі – 10 жыл.
Красный Ярдың іргесіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқысты сұрыптау желісін іске қосу жөнінде бастама көтерілгені белгілі. Бұл жоба қаншалықты тиімді?
–Красный яр ауылы ауданында қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау полигоны 2020 жылдан бастап жұмыс істемейді. Бірақ, Көкшетау қаласы әкімдігінің және оңтүстік кореялық компанияның қолдауымен Көкшетау қаласының маңында қоқыс өңдеу зауытын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Егер бұл зауыт салынатын болса, Красный яр ауылындағы ҚТҚ полигонындағы қоқыс толығымен сол зауытқа қайта өңдеуге жіберіледі.