Ауылда адамдардың өмір сүруі қолайлы болу керек – Ермек Маржықпаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында, аудан әкiмдiгiне Нұр-Сұлтан қаласынан шығаберiсте жергiлiктi тұрғындар өз өнiмдерiн сату үшiн коммуналдық базар ашу мiндетiн жүктедi, деп хабарлады облыс әкімдігінің сайты.

Целиноград ауданының ең шалғай елдi мекенi - Мәншүк ауылында облыс әкiмi «Маншук-АЭ» ЖШС егiстiк алқаптарында өңiрдiң iрi тауар өндiрушiлерiмен кездестi, онда егiн орағы науқанының барысы мен еттiк мал шаруашылығын дамыту мәселелерi талқыланды.

«Родина» агрофирмасы» ЖШС басшысы Иван Сауэр және «Маншук-АЭ» ЖШС директоры Тимур Пiшенов астықтың сапасы жақсы, ал Целиноград ауданында егiннiң өнiмдiлiгi жақсы екенiн баяндады.

Тимур Пiшеновтiң шаруашылығында 50 мың га егiстiк жер және 1000 бас МIҚМ бар. Мұнда топырақ өңдеудiң «No Till» нөлдiк технологиясы қолданылады. Биыл бидайдың өнiмдiлiгi орта есеппен гектарынан 11,3, арпа -14,8 центнер құрады. 2011 жылдан бастап кәсiпорынды дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаржы салынды», - делінген таратылған ақпаратта.

Облыс әкiмi орта мектепте болып, онда педагогикалық ұжыммен кездестi. Сонымен қатар, Ермек Маржықпаев көше спорт алаңын және осы елдi мекенде «ВI Group Construction» холдингi бақылау кеңесiнiң төрағасы Бауыржан Исабаевтың инвестициясы есебінен салынған әлеуметтiк сала қызметкерлерiне арналған жатақхананы қарап шықты.

«Бизнесмендердiң туған ауылын дамыту, тұрғындарға қамқорлық жасау бойынша бастамалары қызметкерлерi үшiн жақсы әлеуметтiк пакет -  бұл өте маңызды. Ауылда адамдардың өмiр сүруi мен жұмыс iстеуiне қолайлы болуы үшiн бұдан әрi де барлығын жасауымыз керек», - дедi өңiр басшысы Ермек Маржықпаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы