Ауыл жақтағы айына 60 домбыра жасайтын азамат
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аса ауылында тұратын Берік Жұматаев тапсырыс көп кезде айына 60 домбыраға дейін жасайды. Ол осы кәсіпті 13 жылдан бері дөңгелетіп келе жатыр.
Он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан тек домбыра жасау ғана келмейді. Ағаштан ою ойып, түйін түйген шебер түрлі ұлттық аспаптарды жасайды. Бастапқыда жай әуестікпен, қызығушылықпен хобби ретінде қолға алған тірлігі бүгінде бағдарлы, бағалы бизнеске айналған. Кәсіби аспаптармен қатар кәдесыйларға да көптеп тапсырыс қабылдайды. Қолы қалт еткен бір мезетте, ауласындағы шағын ұстаханаға кіріп, аспаптың әр бөлшегіне ерекше мән беріп, сызып, қайталанбас туынды жасауға тырысады.
Жалпы өзім домбыра ғана емес, жетіген, қобыз, сонымен қатар ұлттық аспаптың барлық түрін жасаймын. Бұл іс шыдамдылықты қажет етеді, - дейді шебер.
«Шебердің қолы ортақ» деген. Алдына келген адамнан да ақылын аяған емес. Дегенмен, төзім мен біліктілікті талап ететін аса ұқыпты жұмыстың қиындығын көтергісі келмейтіндер көп деп қынжылады ол.
Мысалы, мен 13 жылдан бері осымен айналысып келемін. Маған үйренуге келеді. Талай шәкіртті тәрбиеледім. Бірақ, көпшілігі бір айдың ішінде меңгеріп алып, бір сәтте табыс көзіне айналдырғысы келеді. Бірақ домбыра жасау жеңіл, атүсті қарайтын жұмыс емес. Кемі алты ай меңгеру қажет. Ол кезде де ойыңдағыдай дүние шықпайды. Менің айтпағым, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Қазақ барда бұл кәсіп ешқашан өшпек емес, - деді Берік Жұматаев.
Ұлттық өнерді ұлықтаған шебердің домбырасы бүгінде Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстанға жіберілуде. Сонымен қатар ҚР Мәдениет қайраткері, жамбылдық танымал күйші Аман Малдыбаев пен оның ұлы Руслан Малдыбаев та бірнеше жылдан бері Берік Жұматаевтың қолынан шыққан аспапты пайдаланып келеді. Күтімі жақсы болса, бір домбыра бір адамға 25 жыл қызмет етеді дейді.
Өз ісінің кәсіби маманы музыкалық аспапты әзірлеу дұрыс ағаш таңдаудан басталатынын баса айтты.
Қазір мен сыйлыққа беретін біркелкі 20 домбыраны бір мезетте жасап жатырмын. Ал кәсіби аспапты дайындауға кемі 6 ай кетеді. Менің мақсатым – көп ақша табу емес, сапалы аспап жасау. Өз дүниемді бірден танимын. Оны көрсем, бойымда қуаныш сезім кернеп, ерекше күйге бөленемін, - дейді шебер.
Кәсібилік, кәсіпке адалдық деген осы болса керек. Шебер әр жасаған дүниесіне өзіндік үлгіні ұстанып, қасиетті үнін сақтап қалуға барынша тырысатынын жеткізді. Өйткені ол үшін сан емес, сапа маңызды, домбыраның қоңыр үнін жоғалтпау басты мақсаты.