Ауыл тұрғыны бірнеше облысты отандық өніммен қамтып отыр

Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны Ерзат Тынышқали кір сабын шығарып, өзге облыстарды отандық өніммен қамтып отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жас жігіт былтырдан бастап Ырғыз ауылында кір сабын шығаруды қолға алған. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 1 миллион 225 мың теңге грант ұтып алыпты. Содан алған қаржысына өз қалтасынан қаражат қосып, Өзбекстаннан сабын шығаратын станок сатып әкеліпті. Қазір ол ауылда цех ғимаратын жалға алып, өз өнімдерін шығаруда. Ерзаттың бұл кәсібін құп көрген ырғыздықтар қазір барлық жерде оның өнімдерін «жарнамалап» жүреді.

Жас болса да осындай игі бастаманы қолға алған Ерзатқа ризамыз. Бұрын-соңды ауылымызда ешкім мұндай өнім шығарған жоқ. Ауданда кәсіпкер де, шаруа да көп. Алайда тұрмыстық заттар шығару ешкімнің ойында болмады. Өзі жас болса да, қазір ауыл халқын, облысты, тіпті көрші өңірлерді таза, бағасы да қолжетімді өнімдермен қамтып отыр, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есет Молыбаев.

Ерзат Тынышқалидың айтуынша, оның негізгі мамандығы — эколог. Орал қаласында жоғары білім алған. Алайда өз мамандығы бойынша жұмыс жасаудан гөрі жеке кәсіппен айналысуды жөн көрген ол былтыр ауданда «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқу оқып, дәріс алған. Қалай да жеке кәсіп ашуды мақсат еткен ол жобасын сәтті қорғап, грантқа ие болыпты. Қазір ол өз цехында күніне мың дана кір сабын шығарады. Цехта 4 адам жұмыс істейді. Олардың екеуі бауыры болса, біреуі — өзі, біреуі — келіншегі Еркеназ.

Алдымен үлкен ыдысқа қажетті шикізатты, малдың іш пайы мен қолданылған күнбағыс майын, басқа да қоспаларды салып қайнатамыз. Қоймалжың затты аппаратқа құйып, сығындап аламыз. Сосын кептіріп, арнайы қалыптарға салып, сабын етіп шығарамыз. Дайын сабынға қызып тұрған кезінде «Yrgyz» деген мөрді басамыз. Осылайша сабын дайын болады. Өнімге ауылымның атын жазуымның себебі — көпшілік осы жерден осындай өнім шығарылатынын білсе деген ой. Бұл үшін өз станогына «Yrgyz» деген жазуды бекітіп қойдым. Жұмысым өзіме ұнайды, күніне тынымсыз еңбек етіп, мың дана сабын шығарамыз, — дейді Ерзат.

Оның айтуынша, қазір ауылдан шыққан таза өнімдерді Ырғыз ауданынан бөлек Ақтөбе, Шалқар қалаларының, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары арнайы тапсырыспен алады. 200 грамдық кір сабынның бір данасы 150 теңге болса, 250 грамдығы — 170 теңге, 300 грамдығы — 190 теңге.

Бүгінде жеке кәсіпкер сабын шығаруға қажет шикізатты облыс орталығынан тасып жүр. Кейде тапсырыс көп түссе алып барған шикізаты жетпей де қалады екен. Қазір ол айына 30 мың дана өнім шығарады.

Жастайынан еңбекқор, ауылда тұрса да өз идеясын жүзеге асырған Ерзат осылайша көптің алғысын алып, ауыл халқын таза, отандық өніммен қамтып отыр. Ол болашақта цех ғимаратын салып, кәсібін бұдан да кеңейткісі келеді. Оның ендігі жоспары — иіссабын, сұйық сабын шығару және ауылдың бірнеше тұрғынын тұрақты жұмыспен қамту.

Біле білген адамға кір сабынның пайдасы мол. Адамның терісіне жара шықса, көгерген кезде, сондай-ақ аллергиясы, иіссабынға қарсы көрсетілімі бар адамдарға осы таза өнімді пайдалану керек. Қазір жер-жерден тапсырыс берушілер біздің өніміміздің сапалы екенін айтып, ризашылықтарын жеткізуде. Бағасы да басқаларға қарағанда едәуір арзан. Сондықтан барша тұрғындарға отандық өнімді пайдалануға кеңес береміз, — дейді жас кәсіпкер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы