Ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін не істеліп жатыр? - министр жауап берді

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биыл 500-ден астам ауылда 1,4 мың жоба іске асырылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Үкімет Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады және іске асыруда. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Тұжырымдамада базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту, ауыл халқының табыс деңгейін арттыру, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және ауылдарды дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүйелеу жөніндегі негізгі бағыттар айқындалған, - деді министр.

Байбазаров орталық және жергілікті атқарушы органдар Тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарына сәйкес кешенді шараларды іске асыратынын айтты.

Мәселен, "Ауыл- Ел Бесігі" бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылды, бұдан бөлек 113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру объектілері салынды, 85 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері құрылды. 176 ауыл Wi-Fi hotspot технологиясына қосылды және Starlink спутниктік жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауылдық мектептерді қосу бойынша пилоттық жоба басталды. "Ауыл аманаты" жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілді, - деді вице-премьер.

Ол облыстардың ерекшелігіне сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту бойынша Жол карталары бекітілгенін атап өтті.

Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредит мөлшері 1 500-ден 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды және басқа да іс-шаралар іске асырылды. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі басты құралдардың бірі "Ауыл – Ел Бесігі" бағдарламасы болып отыр. 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен жалпы бағдарлама бойынша 524 млрд теңге бөлініп, 1,8 мың тірек және спутниктік ауылдарда 5,4 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 578 нысанды, 1,7 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам ауылішілік жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, - деді Нұрлан Байбазаров.

Сонымен қатар министр бағдарламаға республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлініп, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру көзделіп отырғанын айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы