Ауыл тұрғындары ұрыны ұстап берді
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Кеше, 30 наурыз күні түске қарай Мичурин ауылының тұрғындары белгісіз біреудің көршілерінің үйіне кіріп бара жатқанын аңғарып қалады. Олар ойланбастан үй иесіне хабарласады. Үй қожайыны бұл сәтте Қостанайдағы сауда үйлерінің бірінде жүрген.
Мичурин – қала іргесіндегі ауыл. Ерлі-зайыпты үйлеріне тез жетеді. Сол аралықта зергерлік бұйымдарды қойнына тығып үлгерген жігіт үй иесінің 57 жасар мүгедек әкесі жатқан бөлмедегі заттарды ақтара бастаған. Кіріп келген адамдарды көрген ұры қаша жөнеліп, көрші үйге тығылып қалады. Есікті ішінен тиектеп алып, үй иесіне көршілерін сабырға шақыруды өтінеді.
«Қақпа сыртында балта, темір ұстаған біраз ауыл тұрғындары жиналып қалыпты. Сабырға шақыруға шыққаным сол еді, ұры менің үйіме қайта кіріп, есікті ішінен іліп алыпты. Онда менің әйелім, келінім мен бір жасар немерем бар-тын. Жан ұшырып соларға жүгіре бергенімде полиция да жетіп келді», - деп әңгімеледі үй иесі Серік Кендәулетов.
Тәртіп сақшылары жеткенде ұры бөтелке сынығымен қарнын тіліп үлгеріпті. Полиция қызметкерлеріне қарсылық білдіруге шамасы келмеді.
Ұры бұрын сотталған, бостандыққа былтыр маусым айында ғана шығыпты.
Мичурин ауылдық округінің әкімі Вера Кличконың айтуынша, полиция қызметкерлері тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында «Нөлдік төзімділік» қағидаттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізген. «Тоқта, ұры!» жол картасы аясында да бірқатар шаралар қолға алынған.
«Мұны тұрғындармен жұмыстың нәтижесі», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарьдің хабарлауынша, қазір ҚР ҚК 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
«Күдікті Қостанайдағы ауруханалардың бірінде жатыр. Ол – Ақмола облысының тумасы», – деді Ирина Беженарь.