Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет – Президенттің Жолдауы
Үкіметке ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын қолдап, заманауи тәжірибелерді кеңінен енгізу тапсырылды.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында табысты тәжірибелерді ел көлемінде таратып, сүт фермалары мен ет кластерлерін дамытуға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент мал шаруашылығында заманауи тәсілдерді қолдануды ұсынды.
Сонымен қатар мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.