Қазақстанда фермер неге байымайды? Агросаладағы басты қателіктер аталды
Қазақстанның ауыл шаруашылығы соңғы жылдары экспорт көлемін арттырғанымен, саладағы жүйелі мәселелер әлі де шешілмей келеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы АӨК өнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жетіп, 37%-ға өскен. Ал қайта өңделген өнім экспорты 3,6 млрд долларды құрады. Соған қарамастан, фермерлер әлі де су тапшылығы, нарықты болжай алмау, өнімді өткізу және несие жүктемесі сияқты қиындықтарға тап болып отыр. BAQ.KZ тілшісі агросаладағы түйіткілді мәселелерді сарапшылармен бірге талдап көрді.
Мәселе жердің немесе ресурстың жетіспеуінде емес. Негізгі түйткіл – жүйенің әлсіздігінде, нарықты дұрыс болжай алмауда және кәсіби басқарудың жетіспеуінде.
“Ауыл шаруашылығында ең алдымен жүйе керек”
Шығыс Қазақстан облысындағы ең өнімді сүт фермаларының бірін қалыптастырған фермер, кәсіпкер әрі агроблогер Данияр Әбдітаев ауыл шаруашылығындағы басты мәселенің бірі жүйесіздік екенін айтады.
Оның сөзінше, көптеген шаруашылықта жұмыс әлі күнге дейін “күнделікті проблеманы шешу” қағидасымен жүріп келеді.
Маусым басталады, бір жерде техника бұзылады, бір жерде механизатор шықпай қалады, бір жерде жем жетпейді, бір жерде қосалқы бөлшек жоқ. Сол мәселелер жыл сайын қайталана береді. Бірақ жүйелі шешім қабылданбайды, - дейді ол.
Данияр Әбдітаев бүгінде Өскеменде заманауи сүт кешенін басқарады. Ол бұрынғы кеңестік үлгідегі қораны толық жаңартып, жоғары өнімді сиырларды өсіретін технологиялық фермаға айналдырған. Қазір шаруашылықтағы бір сиырдан жылына 11 мың литрге дейін сүт сауылады. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Фермердің айтуынша, ауыл шаруашылығында эмоция емес, нақты есеп жұмыс істеуі керек.
Фермер нақты цифрды білуі тиіс: қанша өнім өндірілді, қанша шығын кетті, малдың өнімділігі қандай, жемнің сапасы қандай? Егер шаруашылықтағы көрсеткіштерді білмесең, қай жерге инвестиция салу керегін де түсінбей қаласың, - дейді ол.
Фермерлер неге жиі шығынға батады?
Агросарапшы Бекзат Төрегелдиевтің пікірінше, фермерлердің ең үлкен қателіктерінің бірі – нарықты дұрыс болжай алмау.
Мысалы, бір жылы қырыққабат (капуста) бағасы қымбаттап, жақсы табыс әкелсе, келесі жылы көптеген шаруа дәл сол өнімді жаппай еге бастайды. Бірақ нарықтағы сұраныс өзгермейді.
Егер былтыр нарыққа 100 мың тонна өнім керек болса, биыл да сол көлем ғана қажет. Бірақ фермерлер 200 мың тонна өндіріп қояды. Соның салдарынан баға құлдырайды, шаруалар шығынға батады, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, тәжірибелі фермерлер келесі жылғы нарықты алдын ала болжауға тырысады. Тіпті кейбірі тұқым сататын дүкендерді аралап, қай дақылдың тұқымы көп сатылып жатқанын бақылайды. Егер бәрі бір өнімге көшсе, олар керісінше басқа бағытты таңдайды.
Құрғақшылық пен климат тәуекелі күшейіп келеді
Соңғы жылдары Қазақстанда су тапшылығы айқын сезіле бастады. Әсіресе оңтүстік аймақтарда егіннің өнімділігі тікелей суға тәуелді.
Бекзат Төрегелдиевтің сөзінше, көптеген шаруа жоғары өнім береді деген интенсивті гибридтерге қызығады. Бірақ олардың бәрі жергілікті климатқа бейімделмеген.
Кей сорттар қағаз жүзінде өте өнімді көрінеді. Бірақ ылғал аз жылдары олар мүлде нәтиже бермейді. Соның салдарынан фермер күткен өнімнің орнына бірнеше есе аз өнім алып, ақыры банкрот болады, - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда өнім көлемінен бұрын климатқа бейімделу мәселесіне басымдық беру керек.
“Ауа, су, жем”: сүт фермасының үш негізі
Данияр Әбдітаев сүт өндірісіндегі табыстың негізгі формуласы үш факторға байланысты екенін айтады: ауа, су және жем.
Оның сөзінше, көп адам жем-шөпке ғана мән береді. Бірақ сиыр үшін ең алдымен сапалы микроклимат қажет.
Қорадағы температура, ылғалдылық, ауа алмасуы дұрыс болмаса, өнімділік бірден төмендейді. Сондықтан фермадағы ауа – басты факторлардың бірі, - дейді фермер.
Су мәселесі де ерекше маңызды. Өйткені сауынды сиыр тәулігіне ондаған литр су тұтынады. Ал су тек мал ішуіне емес, өндірістік тазалыққа да қажет.
Үшінші маңызды бағыт – сапалы жем-шөп. Сарапшының айтуынша, сүттің өзіндік құнының шамамен жартысы жем-шөпке байланысты.
Қаржыны жоспарламау – тағы бір қауіп
Мамандардың айтуынша, көптеген фермер несие алған кезде барлық қаржыны техникаға немесе малға жұмсап қояды. Бірақ резерв қарастырылмайды. Бекзат Төрегелдиев мұны үлкен қателік деп санайды.
Қарапайым жоспар болуы керек. Мысалы, қаржының бір бөлігі – малға, бір бөлігі – жемге, тағы бір бөлігі күтпеген шығындарға қалуы қажет. Жинақ болмаса, бір ғана қиындық шаруашылықты тұралатып тастайды, - дейді ол.
Қазақстанда кәсібилік жетіспей ме?
Данияр Әбдітаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығындағы басты мәселенің бірі – кәсібиліктің жетіспеуі. Ол бүгінде қоғамда кей мамандықтарға әлі де төмен көзқарас барын айтады.
Бізге тек фермерлер немесе тек бизнесмендер ғана керек емес. Қоғамға барлық салада кәсіби мамандар қажет. Курьер де, даяшы да, аула тазалаушы да өз ісін кәсіби атқарса, жақсы өмір сүре алады, - дейді ол.
Фермер жастарды ауыл шаруашылығына күштеп тарту дұрыс емес деп санайды. Оның ойынша, бұл салаға адам өз еркімен және қызығушылықпен келуі керек.
Қайта өңдеу: дайын өнім шығаратын кәсіпорындар аз
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда қазір өнім өндіруден гөрі, оны қайта өңдеу әлсіз дамыған. Мысалы, көптеген фермер шикізатты арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Ал дайын өнім шығаратын кәсіпорындар аз.
Еуропа мен АҚШ-та шағын шаруашылықтардың өзі өнімін өңдеп сатады. Сол арқылы табысын арттырады. Бізге де осы мәдениет керек, - дейді агросарапшы Төрегелдиев.
Қазір елде ірі қайта өңдеу зауыттары салынып жатыр. Бірақ мамандар бұл бағыт тек ірі кәсіпорындармен шектелмеуі тиіс деп есептейді. Соған қарамастан, сарапшылар ауыл шаруашылығының болашағына сенімді. Себебі азық-түлікке сұраныс ешқашан тоқтамайды.
Адамдар ең соңғы ақшасын да тамаққа жұмсайды. Сондықтан бұл әрдайым сұраныс болатын сала, - дейді Бекзат Төрегелдиев.
Қазақстанның аграрлық әлеуеті зор. Бірақ сол мүмкіндікті толық пайдалану үшін енді “көп өндіру” емес, “дұрыс басқару” кезеңіне өту қажет дейді сарапшылар.